Криштиану Роналду екі ойынға шеттетілді
«Ан-Наср» клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясында өткен Суперкубок жартылай финалында «Ал-Хилал» клубына (1:2) қарсы ойында қызыл қағаз алғаны үшін екі ойынға шеттетіледі.
Asharq al-Awsatгазетінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы футбол федерациясының тәртіптік комитеті Роналдуды екі матчқа шеттету туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте комитет португалдық футболшыны ойындағы оқиғаға байланысты сұрақ-жауап қылған, ойыншы әділетсіз қызыл қағаз алғанын айтқан.
Еске салайық, 86-минутта Роналду қарсыласын шынтақтап жібергені үшін тікелей қызыл қағаз алған болатын. Португалиялық ойыншы алаңнан қуылғаннан кейін ол капитандық белбеуін серігіне лақтырып жіберіп, бұрылып, төрешіні мазақ еткендей қол соққан.
Биылғы маусымда Роналду барлық турнирлерде 37 матчқа қатысып, 36 гол соғып, 12 нәтижелі пас берді.