Жапонияның «Idemitsu Maru» танкері Ормуз бұғазынан өтті
Жапонияның «Idemitsu Kosan» энергетикалық компаниясына тиесілі «Idemitsu Maru» танкері Ормуз бұғазы арқылы өтіп Үнді мұхитына қарай бағыт алды.
Бұл туралы Kyodo News агенттігі хабарлады.
2007 жылы жасалған, ұзындығы 300 метр болатын танкер 2 миллион баррель мұнай тасымалдауға қауқарлы. Сейсенбіге қараған түні ол Ларак аралының оңтүстігі арқылы – Иран ұсынған бағытпен өткен.
Хабарда айтылуынша, кеме Парсы шығанағына 25 ақпанда кірген және содан сәрсенбі таңында кеме Үнді мұхитына қарай бағыт алған.
Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер басталғалы бері Ормуз бұғазы арқылы Жапонияға немесе оның компанияларына қатысты небәрі үш танкер өткен. 28 сәуірдегі мәлімет бойынша, Жапония үкіметі Парсы шығанағында әлі де 42 жапон кемесі қалып отырғанын хабарлаған.
Айта кетейік, Жапония мұнайдың 94 пайызын Таяу Шығыс елдерінен алады, ал оның басым бөлігі Ормуз бұғазы арқылы жеткізіледі. Қазіргі таңда бұл бұғаздағы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтап қалған.