Иран Ормуз бұғазын барлық кемелер үшін жапты
Иран АҚШ-тың кейінгі әскери соққыларынан кейін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы барлық кемелер қозғалысы үшін жабылғанын мәлімдеді.
Иранның жоғары әскери қолбасшылығы бұғаз арқылы кез келген кеме қозғалысына уақытша тыйым салынғанын хабарлады. Мәлімдемеде мұнай танкерлері мен коммерциялық кемелерді қоса алғанда, барлық теңіз көліктеріне шектеу қойылғаны айтылған.
Тегеран бұл қадамды АҚШ-тың Иран аумағындағы нысандарға жасаған соққыларына жауап ретінде түсіндірді. Ал Вашингтон өз кезегінде Ирандағы бірқатар нысанға жасалған шабуылдардың «өзін-өзі қорғау мақсатында» жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мұнай тасымалының елеулі бөлігі өтетін Ормуз бұғазындағы жағдайдың ушығуы халықаралық энергетикалық нарыққа әсер етуі мүмкін. Осы хабардан кейін мұнай бағасы өсе бастады.
Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы коммерциялық кемелердің бұғаз арқылы әлі де қозғалып жатқанын мәлімдеп, теңіз қатынасы толық тоқтағаны жөніндегі кейбір ақпараттарды жоққа шығарды.