Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны алғаш рет 100 мыңнан асты
Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі 15 қыркүйек – Қарттарды құрметтеу күніне орай елдегі демографиялық ахуалға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады.
Күншығыс елінде 100 жастан асқан азаматтардың саны қатарынан 56 жыл бойы өсіп келеді. Биыл қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, тарихта алғаш рет бұл көрсеткіш 100 мың межесінен асып, бір ғасыр жасағандар саны 107 677 адамға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 914 адамға көп.
Жүз жастан асқан тұрғындардың 94 298-і – әйелдер. Қазір елдегі ең жасы үлкен әйел – 114 жастағы Фуйо Кишимото, ал ең қарт ер адам – 112 жастағы Хикару Като.
Жапония 100 жастан асқан тұрғындардың есебін 1963 жылдан бері жүргізіп келеді. 1981 жылы олардың саны 1 мыңнан, 1998 жылы 10 мыңнан, ал 2012 жылы 50 мыңнан асты. Елде өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін орта есеппен 87,3 жас, ерлер үшін 81,3 жасты құрайды.