BYD Өзбекстанда жылдам қуаттау станцияларының желісін салады
Қытайдың жетекші электр көліктерін өндіруші BYD компаниясы Өзбекстанда электромобильдерге арналған жылдам қуаттау станцияларының ауқымды желісін дамытуды жоспарлап отыр.
Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов пен BYD компаниясының Орталық Азия және Кавказ өңірлері бойынша басқарушы директоры Цао Шуан кездесу өткізді.
Министрлік мәліметіне сәйкес, кездесу барысында тараптар Өзбекстанда BYD электромобильлерін шығару жобасының қазіргі нәтижелерін қорытындылап, өндірістік қуатты ұлғайту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және кәсіпорынның экспорттық әлеуетін күшейту жөніндегі алдағы жоспарларды талқылады.

Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және республика аумағында электромобильдерге арналған жылдам қуаттау станцияларының желісін құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысында тараптар ұзақ мерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Өзбекстандағы BYD жобасының табысты жүзеге асырылуы мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бейілді екендерін тағы бір мәрте растады.
Электр көліктері мен жаңа энергия көздерін пайдаланатын көлік құралдарын өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі ретінде BYD компаниясы 1995 жылы құрылған және бүгінде әлемнің ондаған елінде өз қызметін жолға қойған.
Қазіргі уақытта BYD компаниясы Өзбекстанның Жызақ облысындағы бірлескен кәсіпорында гибридті және электрлі автомобильдер шығарып келеді.
Алдағы кезеңде компания өндірістік қуаттарды кеңейтуді, қосалқы бөлшектер өндірісін жергіліктендіруді, экспортты дамытуды, инженерлік және сервистік инфрақұрылымды қалыптастыруды, сондай-ақ электромобильдерге арналған Blade аккумуляторлары мен электр автобустарын өндіру жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.