Бішкекте ШЫҰ-ға мүше елдердің энергетика министрлері бас қосты
Қырғызстанның Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кезекті отырысы өтті.
Энергетика министрлігінің мәліметінше. іс-шараға Өзбекстан Республикасының энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов қатысып, онда тараптар өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және заманауи технологияларды енгізу мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, ШЫҰ елдері арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, ресурстарды тиімді пайдалану және сала үшін жоғары білікті мамандар даярлау сияқты басым міндеттер талқыланды.
Жиында Журабек Мирзамахмудов Мемлекет басшысы ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Энергетикалық консорциумын құру бастамасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл құрылым қатысушы елдер арасындағы бірлескен жобаларды үйлестіруге, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді.
Іс-шара барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Энергетикалық консорциумын құру тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
Жиын барысында Қырғызстан тарапы Бішкек қаласында ШЫҰ елдері үшін энергия тиімділігі мен ресурсты үнемдейтін технологияларды енгізуге маманданған өңірлік орталық құру бастамасын ұсынды.
Кездесуде өңірдің гидроэнергетикалық әлеуетін ұтымды пайдалану, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты дамуға қызмет ететін бірлескен жобаларды қолдаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, бұл жиын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы энергетика саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.