Әңгіме

Ульмас УМАРБЕКОВ, өзбек жазушысы

Сүлеймен ата түрмеге түсіп қалады деп кім ойлаған. Түрме дегенді көрмек түгілі, жанынан өтіп көрмеген адам, міне құдай басына салмасын, үш жылға сотталып, жасы келгенде ұры-қарымен бірге темір тордың ар жағында отыр. Жақын-туыстары оны ұмытпай күн сайын келіп тұрады. Үйдің дәмінен де үзбеді - келгендер бабымен басылған палау мен ыстық тандыр нан ала келетін. Ауыл басшысының өзі екі рет кеп кетті, ал Сүлеймен атаның кемпірінің шығарға жаны жоқ, күнде түрмені айналшықтап кетпейді. Ақсақал болса, келгендерді көз жасымен қарсы алып, сол жылаумен шығарып салатын...

Жастайынан еңбекке араласқан Сүлеймен ата зейнет демалысына шыққанда, екі қолын қайда қоярын білмей қалды. Бойындағы күші әлі кетпеген. Әрине, кейде белі құрғыр сыздап ауыратыны болмаса, бірақ ол оған аса қатты көңіл аудармайтын. Енді қалай үйде омалып отырады. Әрине, есік алдындағы бау-бақша кешке дейін уақытын алатын, ал кешке арық бойындағы талдардың көлеңкесіндегі шайханаға баратын. Ешкімге керегі жоқ шал болып қалғанын мойындағысы келмейтін Сүлеймен ата, шайханада басқа шалдардың арасында ғана сәл көңілі ауланып, тіпті тынышталатын, біраздан кейін бәрі орнына қайта келетін. Соңғы кездері тіпті сол құрдас шалдарының арасында кірпиязданып, олардың әңгімелері ұнамай, не болса соған ашулануды шығарды.

Шайхананы бұрынғы майдангер, ақсақ Ғұлам ака ұстайтын. Бір аяғын Сталинград түбіндегі шайқаста тастап қайтқан. Барлық бастықтың орынбасары не көмекшісі болуы керек емес пе, ал Ғұлам ака жалғыз өзі ғана еді. Бір жолы Сүлеймен ата "Спирттік ішімдік ішуге болмайды" деген жазуға көзі түседі, ал астына "Шайхана басшысы Ғұлам Қарабаев" деп қол қойыпты. Бұған дейін Сүлеймен ака ол жазуға көңіл аудармаған да екен. Енді ғана көргендей, ашуланып: "Не боп кеткен бұл өмірде. Мына қирандының да басқарушысы бар екен. Болғанда да ақсақ" - деп Ғұлам акаға айқайлайды:

- Ей, ақсақ, сенің қара судан ақша жасайтыныңды білеміз, ол аз болғандай енді бір демдеген шәйді қайта қайнатып беретін болғансың ба?
Ғұлам ака ескі досының неге ашуланғанын түсіне қойып, ол да өз есебін жібермей шымшып алды:

- Шалдарға қою шәй ішуге болмайды, денсаулыққа зиян. Сенің жүрегің енді зейнеткер шалдың жүрегі. Маған жетпегені сол, сен үшін кемпіріңнің алдында жауап беру еді.

- Әй, қу ақсақ, шәйің де тіліңдей ащы болса ғой.

Ғұлам ака досының жауабына күліп, ағаш аяғымен еденді тықылдатып, жаңа демделген бір шәйнек шәй әкеп берді.
Шәйханада көп адам да болмайтын. Сол Халпаранг ата мен Хакимбек ака екеуі жиі келетін. Сүлеймен ата оларды көрсе, - "Е, жұмыссыз ерігіп жүрген тек мен ғана емес екенмін ғой", деп бір қуанып қалатын.

Халпаранг ата палауды өте дәмді басатын. Ол кісінің палауы деген... Ас дайын болғанша ақсақалдар әңгіме-дүкен құрады. Қайдағы бір өткен оқиғалар еске алынады, айтылмайтын тақырып қалмайтын. Біраздан кейін, бәрі ыңылдап ескі әнге басатын: "Бақтарға барған шақтарда..."

Әбден қараңғы түскенде тарайды. Кетіп бара жатып та, өз бұрылыстарына жеткенше әңгімелерін жалғастырып бара жататын. Содан Сүлеймен ата түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Шаршамаған адамға ұйқы қайдан келсін? Жата жата, жанбасы ауырып, орнынан тұрып кетеді. Аулаға шығып, иттердің үргенін, шегірткенің шырылдағанын ұзақ тыңдайды, қайтадан үйге кіреді. Зейнетке шыққалы осы.

Бірде, әдеттегідей шалдар шәйханада Халпаранг ата басқан палауға тойып алып, сораптатып көк шәй ішіп отырған. Дәл осы күні күтпеген жағдай боларын ешкім ойламаған еді. Шайханаға өмірі бас сұқпайтын қойма меңгерушісі Мирвосиқ кеп тұр:

- Ақсақалдар, Сіздерден көмек сұрай келдім. Қойма күзетсіз қалды. Тетя Маруся ауырып қалып, аудан орталығына ауруханаға алып кетті. Уақытша қарауылдыққа ешкім келіспей ме екен...

- Әрине, мен күзете тұрам! - деп алдымен Халпаранг ата шықты.

- Қайдағыны айтып, - Хакимбек ака риза болмай, - сен соқыр кесені шәйнектен ажырата алмай жүріп, қойманы қалай күзетпекшісің? Ол жерде қырағы көз қажет. Мен күзетемін!

- Не деген жылдамсың, - деп Халпаранг ата ренжіп қалды, - мені соқыр дейсің бе? Мен соқыр болсам, жаңа ғана жалап-жіптеп жеп алған палауды кім басты? Ей, Ғұлам, ақсақ! Естідің бе, мынаның айтқанын? Тапқан екен соқырды? Өзің соқырсың.

- Мен бе, соқыр?- деп Хакимбек ака дауыс көтеріп.

- Ия, ия! Ұмыттың ба, Сәрсенбайды жерлегенде аяғыңның астындағы арықты көрмей суға түсіп кеткенің.

- Болды, тоқтатыңдар! - Сүлеймен ата екеуін тоқтатып. Сен екеуіңде жарамайсыңдар. Қойманы мен күзетемін - әңгіме бітті!

Хакимбек ака мен Халпаранг ата бір-біріне қарап қалды. Зейнетке ең соңғы шыққан кім? Мен! Яғни, қаруды маған ғана сеніп тапсыруға болады - деп Сүлеймен ата қорытындылады. Осымен сөз бітті дегендей, орнынан тұрып, Мирвосиққа қарата:

- Ал, бала жол баста, - деді.
Мирвосиқ кінәлі адамдай иығын қиқаң еткізді де, Сүлеймен атамен бірге шәйханадан шықты. Басқа шалдар олардың артынан біразға дейін қарап тұрды. 

Сүлеймен ата сол кеште-ақ қызметіне кірісті. Кемпірі ескі киізі мен құмғанын әкеп берді. Шәй ішкенге деп тәттілерді де ұмытпады. Сонда да кетерінде өз ренішін білдіріп кетті:

- Қартайғанда ұятқа қалдырдыңыз ау, отағасы. Ақылыңыздан адасып, алжыдыңыз ба? Бұл не енді? Барлық құрдастарыңыз үйде отыр кешке, бала-шағасының жанында, ал сіз болсаңыз...

- Күңкілдеме, - Сүлеймен ата кемпірінің сөзін бөліп жіберді, - бар, қайт. Жалғыз жатуға қорқасың ба, әлде шалыңды сағынып тұрсың ба?

- Ей, кәрі қақпас! Керегіңіз бар еді! Сүйегі саудырап тұрса да, ойы сонда...Айтқан сөзін қараңыз...

- Болды, болды. Тілің шығайын деген бе? Қайт үйге, менен басқа шаруаң құрып қалды ма?, - деп кемпірін шығарып салды.

Артынша екі досы, Халпаранг ата мен Хакимбек ака жетті. Олар шынымен де, күн аса салқын болмаса да ұзын шапанын сүйретіп, иығына мылтық асынып алған Сүлеймен құрдастарына қызғанышпен қарады.

- Бізді алдап кеттің, сен кәрі қасқыр! - Халпаранг ата ашуын баса алмай.

- Ия, ия, айдың аманында тақырға отырғызып кеттің бізді, - деп Хакимбек ака қостап.
Сүлеймен ата оларды аяп тұрғанын білдіргісі келмей:

- Қолыңнан келсе қонышынан бас деген, - деп одан сайын оларды ызаландырып.

- Жолың боп кетті сенің бұл жолы. Ертең келесің бе?

- Қайда? - Сүлеймен ата таңғалып. Қайдасы несі? Шәйханаға да. Немерем Әндіжаннан күріштің мықты бір сортынан алып кепті, палау басуға.

- Шынымды айтсам, білмеймін Хакимбек, - деп сенімсіздікпен Сүлеймен ата, - қолым тисе барармын. Болмаса ренжімеңдер, жұмыстың аты жұмыс...

Осы кезде қойма артынан бір сыбдыр естілді.
- Ей, қайсың? - деп Сүлеймен ата айқай салып, орнынан атып тұрып, қойманы айналып кетті.

- Ия-я-я, нағыз күзетші! - қызғанышпен Халпаранг ата, оның артынан.

- Айтпа. Тырысып бағуда!
Екі шал біраз үнсіз қалды да, орындарынан тұрып, үйлеріне қайтты.

Келесі күні Сүлеймен ата шәйханаға келмеді. Одан кейінгі күндері де қолы тимеді. Енді ол не болса соған уақытын босқа жібере алмайды. Күндіз ауласындағы бау-бақшада тырбаңдаса, кешке жұмысына бару керек: шәйханада іші пысқан шалдармен жайғасып отырар кісі ол емес.

Өз жұмысына Сүлеймен атаның көңілі толы еді - иығында мылтық, түнгі салқыннан қорғайтын ұзын шапаны бар, және ең бастысы, оған осындай жауапты қызметті сеніп ұсынғанына кеудесі мақтаныш сезімге толы еді.

Осылай күндер өтіп жатты... Бірақ, ақыры ол қуанышты күндер де бітті-ау. Басына қасірет ойламаған жерден келеді деп кім күткен. Таңертеңгі, "Тетя Маруся ауруханадан шығыпты, бірақ ауылға қайтпай, қаладағы ұлының үйіне кетіпті және көктемге дейін қайтпайды екен" деген жаңалық, Сүлеймен атаның көңіл-күйін көтеріп тастаған. Жақсы көретін әнін ыңылдап, түске дейін бау бақшада болды. Түс мезгілінде немересі жүгіріп келіп:

- Ата! Сізді Халпаранг ата шақырып жатыр! Фермада күтуде.

- Не боп қалыпты, тыныштық па? - Сүлеймен ата таң қалып. - Ол қақбас не істеп жүр фермада?

- Білмеймін. Тек, сізді жылдам жетсін деді.
Сүлеймен ата фермаға қарай аяңдады. Аулаға кіргенде, ескі жәшіктердің үстінде, малдас құрып алып отырған досын көрді. Екі езуі екі құлағына жетіп отырған досына,

- Ей, не болды? Есің ауысқанба? - деп саусағымен шеке тұсын айналдырып.

- Көрмей тұрсың ба? - екі қолын жайып Халпаранг ата. - Бастықтың өзі мені тағайындады.
Сүлеймен ата, қарқылдап күліп:

- Әрине, "Ит жоқта шошқа үреді", - деп айтқанымен, іші қылп ете қалды. Қанша дегенмен мұныкіндей түнгі жұмыс емес. Бірақ сыртқа білгізбей: - Ол саған боқ шығаратын қалақ та берген шығар? - деді.
Халпаранг ата тырысып қалғанымен, ескі досымен ұрысқысы келмеді.

- Бәрін берді, бәрін. Сыпыртқы да берді, күрек те берді. Бау-бақшаңа қый керек болса, енді ешкімге жалынып жүрмейтін болдың. Қанша керек болса, сонша арба таңдаулы деген қыйды өзім жеткізіп беремін. Бұл жер саған Марусяның қарауылдығы емес, достым. Бұл нағыз еркектің жұмысы, - деп Халпаранг ата мақтанышпен.

- А, солай ма?!

- Өзің көріп тұрсың ғой, соқыр емессің!

- Ия, жұмысың жаман емес, - деп келіскендей боп Сүлеймен ата, - бірақ абай бол...

- Онымен не айтпақшысың?

- Көріп тұрмын, бұл жерде жылқыларды соғымға байлайды екен, ал олар керемет күшті, іштері пысып тұрған жануарлар. Қисалаңдап келе жатқан сені көріп, жалғыз көзді дию кеп қалған екен деп, сау көзіңнен теуіп кеп жүрмесін.
Халпаранг ата естімегендей болып, досына жауап қайтармады.

- Мен сені шақырған себебім - бірге палау жейік деп едім. Қазір келінім алып келеді. Күріштің ең мықты сортынан дайындалған. Біз екеуміз енді жұмыстағы кісіміз, шәйханада жайланып отыратын уақытымыз жоқ. Жүр, жүр...

Содан Сүлеймен ата кеш бата ғана қайтты. Үйден тамақ ішпестен, иығына мылтығын асынып алып, жұмысына кетті. Мирвосиқ қойманы жауып, үйіне кеткен соң, Сүлеймен ата ауланы бір айналып шығып, от жағып, құмғанды отқа қойып, шәй қайната бастады. Шәй ішіп отырып, қалай қалғып кеткенін де байқамапты. Түнгі тыныштықты тек жанып жатқан ағаштың тырсылы ғана бұзып тұрған. Бір кезде қарауылға бір шу естілгендей болды - шатырдан ба, әлде дуал жақтан ба. Көзін ашып, жан жағына қарады. Ешкім көрінбеді. "Мүмкін, мысықтар шығар жүгіріп жүрген?", - деп ойлап, қайтадан көзі ілініп кетті. Келесі жолы, ауыр жөтелген дауыстан оянды. Орнынан атып тұрып, тың тыңдай бастады. "Жылдам болсаңшы, не болды созылып?" деген дауыс анық естілді. Сүлейман ата дауыс шыққан жаққа қарай жүгірді. Мәссаған, не көріп тұр?! Екі оңбаған, қойманың шатырын ашып, сол жерден автокөлік дөңгелектерін шығарып жатыр. Сүлеймен ата "Тоқта" деп айтып үлгерді. Ұрының бірі секіріп кеп шалды қақ маңдайдан жұдырықпен соққаны, мұндайды күтпеген ақсақал аяғында тұра алмай жерге құлап түсті. Өз-өзіне келсе, ана екеуі әлі ұрлықтарын жалғастыруда. Күзетші сол бойы тұрмайды деп сенген болар. Иығынан түсіп кеткен мылтығын көтеріп, айқай салды:

- Тоқта, атамын!

Бірінші ұры дуалдан секіріп кетті. Екіншісі де артынан секіре бергенде, күзетші шүріппені басып үлгерді ..."Ба-ах!" - қарудың дауысы түнгі тыныштықты жаңғыртып жіберді. Ұры ішін ұстап, дуал түбіне бүрісе құлады.

Мылтық дауысына халық жиналып қалды. Айқай, шу...

- Жарайсыз, ата! - қайдан келе қалғанын, Мирвосиқ ақсақалдың арқасынан қағып, - көптен бері ұстатпай, қолға түспей жүр еді бұл ұрылар.

- Мен біреуіне тигіздім-ау деймін? - деп сұрады ақырын Сүлеймен ата, ісіп кеткен көзін қолымен басып.

- Сол керек оған!
Жарты сағаттан соң ауданнан "Жедел жәрдем" келіп, жаралыны ауруханаға алып кетті. Шаходат апай шалына жүгіріп кеп, көзінің көгергенін көріп, салқын суға малынған орамалмен басты.
Таңертең ауылдын бәрі тойға жиналғандай Сүлеймен атаның үйіне қарай шұбырды. Барлығы оны құттықтап, көрсеткен ерлігі үшін мақтап жатты.

- Мен сені торғайды атуға жүрегі дауаламайтын қорқақ па деп ойлап жүрсем, сен өзің жау жүрек батыр екенсің ғой, достым, - деп Хакимбек ака бір шымшып өтсе, Халпаранг ака да досынан қалыспады.

- Ия-я! - деп дауысын созыңқырып, - ұры ол жылқы емес, көрінген жерді тебе беретін, олар дәлдеп тұрып ұрады... Көзіңді абайла, шығарып алма, болмаса арамызда "сауымыз" сен ғана, - деп кешегі болған әңгімені еске түсіріп.

Сүлеймен атаның іскен көзі тартылып, ауырып кетсе де, достарына ештеңе айтқан жоқ.
Төраға келді. Барлық ауылдастарының атынан рахмет айтып, Сүлеймен атаның иығына су жаңа шапан жапты. Сіз анау-мынау ұсақ ұрыларды емес, нағыз баукеспелерді ұстадыңыз. Үкіметке көптеген шығын келтірген. Үш рет осы біздің қоймамызға түскен. Қолға түспей жүр еді. Тағы да Сізге үлкен рахмет.

Соққы тиген көзінің ауырғаның елемей Сүлеймен ата кешке дейін өзін бір батыр сезініп жүрді. Кемпірі де, достары мен көрші-қолаң да оның айналасынан шықпай, қайда отырғызарын білмей, әлек болды.

Ал кешке немересі жаман хабар жеткізді: ауруханада, алған жарақаттан ұры қайтыс болыпты. Бұндай болады деп ешкім ойламап еді. Сүлеймен ата түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Кемпірі оны тыныштандырып көрді:

- Қойыңыз енді, соншама уайымдап. Сіздің қайғырғаңыздан өлген адам тіріліп келмейді. Өзі кінәлі, білді қайда бара жатқанын. Бірақ Сүлеймен атаға әйелінің сөздері әсер етпеді...

Сонымен сот болды. Сүлеймен атаны бес жыл абақтыға жабу туралы үкім шықты. Бірақ жасы ұлғайғанын ескеріп, екі жылын қысқартты. Сүлеймен ата ойлап па еді осындай болады деп. Жамандық айтып келмейді деген осы да.

- Ата, сәл шыдаңыз, мен бұл істі бұлай қалдырмаймын, - деп, үкім оқылып біткен соң Қайдарәлі бастық Сүлеймен атаның көңілін ауламақ болып. - Егер атуға болмайтын болса, онда ол қарудың қажеті не?
Сүлеймен ата мүлдем басылып қалды. Құлағы ештеңе естімей қалғандай. Ия, ол қарсы не айта алады. Дүниеде адам өміріне жететін не бар? Басына салғанға көнесің де. Сот залындағы айтылып жатқан сөздердің бәріне ол келіседі, бірақ бір нәрсе ғана оның миына кірер емес. Сот төрағасының мәлімдеуінше "Күзетшінің төрт түрі болады екен, солардың үшеуі қару қолдана алады екен де, төртіншісі тек атамын деп ескерте алады екен". Сүлеймен ата сол төртінші топтағы кісі. Сол жағы Сүлеймен атаға түсініксіз қалды. Оны кейін камералас болған, түрмені өз үйіндей көріп кеткен Сашко мен Төлегеннің өздері де түсіндіріп бере алмады. Болмаса сол екеуіндей қылмыс кодексінің қыр-сырын білетін кісі табылмас. Түсіндірген болады, бірақ Сүлеймен ата қылмыс әлемінің серкелері айтқан сөзден түк ұқпады. Болмаған соң олар енді Сүлеймен атаның өзін кінәлай бастады:

- Әкей, сіздің өзіңізден де бар, - деп Төлеген сызданып. - Енді міне біздің жанымызда отырсыз. Жарайды, бір-екі дөңгелек алған шығар, соған дүние күйіп кетті ме? Сіздің үйіңізге ұрлыққа түскен жоқ қой. Ұры да оңып тұрған жоқ! Егер тірі қалғанда өз қатесін түсінер еді. Алдымен ақырын келіп, сездірмей сіздің қаруыңызды алысқа алып қойып, содан кейін өз жұмысына кірісу керек еді. Содан кетер кезде мылтығыңызды дуалдан асырып лақтырып жібере сал - болды. Әй, сол өзі бір былжырақ біреу де.

- Қайдам, - деп ақсақал ауыр күрсінді.

- Қайдам-майдам емес, бұл анық! - деп досына қолдау білдірген Сашко шырт түкіріп. - Сіздің ұрыңыз түк көрмеген! Ех, біздің қолға түскенде ғой, бір жылдың ішінде одан дұрыс адам тәрбиелеп шығарар едік. Сізде тыныш өмір сүре берер едіңіз, ол да болса тірі қалып, мына жарық дүниеге риза боп жүрер еді әлі. Өзі кінәлі. Сол ақымаққа бола өзіңізді өзіңіз мүжи бермеңіз. Осыдан көрде тұрыңыз жоғарғы жақ сот шешімін өзгертеді. Біз білеміз ғой. Тек сәл шыдай тұрыңыз.
Сүлеймен атаның қолынан шыдаудан басқа не келеді? Көзіне жас оралып, ухілей береді. Солай үш ай да өте шықты. Үш айда қышлақтың бәрі Сүлеймен атаның жағдайын білуге келген шығар. Халпаранг ата мен Хакимбек ака басында күнде келуші еді, соңғы уақытта мүлдем келмей кетті. Басында Сүлеймен ата ренжігендей болғанмен, кейін уайымдай бастады: "Осы екеуіне не болды, ауырып қалмады ма екен?".

- Өздері аман ба? - деп бір жолы шыдамай кемпірінен сұрады.
Кімдерді сұрап тұрғанын бірден түсінген Шаходат апай:

- Оларға не болады дейсіз, - деп ренішті дауыспен. - Қала жақтан жұмыс тапқан-ау деймін өздері, күнде солай қарай шапқылайды. Қайтесіз оларды?! Солар туралы ойлауыңыз қалып еді енді...

- Жәй сұрағаным ғой, - деді Сүлеймен ата пүшәймен көңілмен.

- Қайдарәлі сәлем айтып жатыр. Сізді босату үшін жоғары жаққа арызданамын дейді. Мирвосиқта бір жаққа барып жүрген, Сіздің шаруаңызбен...

- Ей, қойшы, сол жүгермек туралы айтпашы маған. Соның кесірінен осының бәрі.
Үш айда Сүлеймен атаның өмірінде еш өзгеріс болмады. Бәрінен ерте оянады, шәй қайнатып, басқалар жұмысқа кеткенде түрме ауласын сыпырып қоятын. Сондай күндердің бірінде, түске таман оны түрме бастығы шақыртып алып:

- Ата, жоғары жақтан қағаз келді, Сіз енді боссыз, - деп айтты.
Сүлеймен ата сасып қалды, біраз уақыт үндемей тұрды.

- Маған кетуге бола ма, сонда?

- Әрине.
Сүлеймен ата баракқа қарай жүгіре жөнелді. Өзімен тек өткенде бастық сыйлаған шапанды ғана алып, басқа ештеңеге қолын тигізбеді. Содан түрме қақпасына қарай зымырады. Себепсізден себепсіз күзетте, автоматына сүйеніп қалғып отырған солдатқа тарпа бас салды.

- Ей, ұйықтама, қаруың атылып кетпесін, жаман неме!
Далаға шыққанда, талдың көлеңкесінде тұрған екеуді Сүлеймен ата бірден таныды. Олар Халпаранг ата мен Хакимбек ака еді. Екі досын көріп көңілі босап кетті.

- Хаким, Халпаранг! - деп қалай айқайлап жібергенін өзі де байқамады, көзіне жас үйірілген Сүлеймен ата.

- Саған не болды? Бізді өліп қалды деп ойладың ба? Сонша айқалағаны несі? - деп Халпаранг ата бері жүрді.
Үш ескі достың құшақтары айқаса кетті.

- Неге келмей кеттіңдер? - деп жас балаша бұртиып Сүлеймен ата.
Хакимбек ака өздерінің жоғары жаққа арызданғандарын, достарын түрмеден шығарып алу үшін кірмеген есіктері қалмағаны туралы айтпақшы еді, Халпаранг ата шынтағынан тартып, өзі сөйлеп кетті:

- Е, достым, қарттық қой. Оған ренжуге бола ма? Оданда тыңда, бір керемет жақсы жаңалық бар, ол үшін сен бізге қарыз боласың, ұмытпа!

- Әй, ол не жаңалық?

- Тетя Маруся мүлдем келмейтін болыпты. Баласы жібермей қойыпты.

Үшеуі көшені бастарына көтере күлді. Шапандарын иықтарына салып, ақсақалдар ауылға қарай жолға түсті. Қара жолға шыққанда Хакимбек ака жақсы көретін әніне басты: "Бақтарға барған шақтарда...".
Әнге достары да қосылды.

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ

Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
БЕЙМЕЗГІЛ АТЫЛҒАН МЫЛТЫҚ
Маданият
16:55 / 12:09:2020