
Экология, қоршаған ортаны қорғау және климат өзгерісі министрлігі жүзеге асырып жатқан жоба аясында Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Арал теңізінің құрғаған түбінде шөлденген топырақтарда өсіруге қолайлы өсімдік түрлерін анықтау бойынша сынақтар жүргізуде.
Бұл жоба Арал теңізінің құрғауынан туындаған шөлдену процесінің салдарын азайту және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Сынақтар арқылы өсімдіктердің тек экстремалды жағдайларға бейімделу қабілеті ғана емес, сонымен қатар экожүйелердің биологиялық функцияларын қалпына келтіру мүмкіндіктері де зерттеліп жатыр. Мұндай өсімдіктерді таңдау шөлдену мен тұзды жерлерді тұрақты басқаруға мүмкіндік береді.
Экожүйеде өсімдік жамылғысын қалпына келтіру топырақты тұрақтандыруға, құмды дауылдардың деңгейін төмендетуге және өңірдің микро климат жағдайларын жақсартуға көмектеседі. Нәтижесінде жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және тұрмыс деңгейін көтеру үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Сынақтар нәтижесінде шөлденген жерлерде өсуге бейімделген өсімдіктер анықталып, олар өндірістік мақсатта ұсынылатын болады. Алынған мәліметтер шөлденуге қарсы күрес және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру стратегияларын әзірлеуге көмектеседі.