Air China Өзбекстанға алғашқы рейсін орындады
Қытайдың ең ірі әуе компанияларының бірі Air China Өзбекстан бағытындағы алғашқы тұрақты рейсін сәтті жүзеге асырды. Бұл - қос ел арасындағы әуе байланысының жаңа кезеңге қадам басқанының айқын дәлелі.
19 шілде күні, Бейжің қаласынан ұшып шыққан Boeing 737 Max 8 ұшағы Ташкенттегі Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайға қонды. Әуе кемесі дәстүрлі су аркасы арқылы салтанатты түрде қарсы алынды. Бұл рәсім – маңызды халықаралық рейстерге көрсетілетін ең жоғары құрметтің бірі.
Air China компаниясының Өзбекстанға тұрақты әуе қатынастарын бастауына шілде айының басында қол қойылған үкіметаралық келісім жол ашты. Атап айтқанда, Өзбекстанның «Uzaviatsiya» агенттігі мен Қытай үкіметі арасындағы келісім негізінде, компанияға Бейжің – Ташкент – Бейжің және Үрімші – Ташкент – Үрімші бағыттары бойынша ұшуға ресми рұқсат берілді.
Air China – Қытайдың ең ірі мемлекеттік әуе тасымалдаушыларының бірі. 1988 жылы құрылған компания бүгінде дүниежүзінің 200-ге жуық қаласына тұрақты рейстер орындайды. Оның ұшақ паркі 500-ден астам заманауи әуе кемесін қамтиды.
Бұл әуе рейсі экономикалық байланыстарды ғана емес, туризм, мәдениет және адам арасындағы қатынастарды нығайтатын маңызды көпірге айналмақ.