Ташкентте «Eco Expo Central Asia-2026» халықаралық көрмесінің тұсаукесері өтті
Ташкент қаласында Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитеті тарапынан «Eco Expo Central Asia-2026» халықаралық көрмесінің тұсаукесері өтті.
Айтулы шараға шет мемлекеттердің Өзбекстандағы елшілері, дипломатиялық миссия өкілдері, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, Халықаралық көші-қон ұйымы, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Жаһандық жасыл өсім институты, Франция даму агенттігі, Дүниежүзілік банк, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық табиғатты қорғау одағы, Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы сияқты беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған реформалар жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Орман өсіру, таза ауа, қалдықтарды басқару және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ауқымды ұлттық бағдарламалар арқылы Өзбекстанның жасыл экономика саласында өңірлік орталыққа айналып келе жатқаны айтылды.
Сондай-ақ халықаралық көрме өнеркәсіп салалары, қаржы институттары мен халықаралық серіктестерді біріктіретін, тұрақты даму шешімдерін ілгерілететін практикалық алаңға айналатыны жеткізілді.

Көрмеде жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, су үнемдеу, жасыл қалалар, тұрақты ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару, экологиялық инновациялар және климатқа төзімділік бағыттарына ерекше назар аударылады.
Айта кету керек, 2025 жылы да Ташкент қаласында алғашқы «Eco Expo Central Asia» көрмесі табысты өткен болатын. Оған шамамен 3 мың қатысушы қатысып, 120-дан астам келісімге қол қойылған. Бұл өңірде экологиялық тұрақтылық, инновация және ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

Ал «Eco Expo Central Asia-2026» халықаралық көрмесі биыл 31 мамыр мен 5 маусым аралығында Самарқанд қаласында өтеді. Аталған көрменің Жаһандық экологиялық қорының VIII Ассамблеясымен қатар ұйымдастырылуы оның жаһандық маңызын арттырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Таныстырылым соңында шет мемлекеттердің осы көрмеге белсенді қатысуы Орталық Азия аймағында және одан тыс жерлерде тұрақты болашақты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
