Әзербайжанда әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды
2 қыркүйекке қараған түні Әзербайжанның Горанбой ауданындағы Низами ауылы маңында орналасқан оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, ірі өрт шықты.
Елдің Төтенше жағдайлар, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ жергілікті билік органдары бірлесіп, оқиға орнына жедел жетіп, қажетті қауіпсіздік және құтқару шараларын қолға алды.
Жедел әрекеттердің нәтижесінде жағдай бақылауға алынған. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланған. Мәліметтерге қарағанда, Низами және көршілес Хойлу ауылдарынан шамамен 5 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Жарылыстың себептері анықталуда.