Өзбекстанда атом энергетикасын техникалық реттеу жүйесі жетілдіріледі
Атом энергетикасы – жоғары технологиялық шешімдермен қатар, қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз сақталуын және бірыңғай техникалық стандарттардың қалыптасуын қажет ететін стратегиялық сала.
«Узатом» агенттігінің мәліметінше, осыған орай «Узатом» агенттігінде атом энергетикасы саласындағы стандарттау, метрология және сертификаттау жүйесін жетілдіруге арналған жұмыс кеңесі өтті.
Жауапты мекеме өкілдері мен сала мамандары қатысқан жиында атом электр станциясы жобасын іске асыру барысында қолданылатын техникалық реттеу, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау жүйелерін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Онда технология жеткізуші елдің нормативтік-техникалық базасын Өзбекстанның ұлттық стандарттау жүйесімен үйлестіруге ерекше назар аударылды. Бұл атом электр станциясын салу кезінде бірыңғай техникалық тәсілді қалыптастыруға, нормативтік құжаттарды әзірлеу мен өнімдерді жергіліктендіру үдерістерін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Жиында метрологиялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда, заманауи метрологиялық зертхана құру, өлшемдердің дәлдігі мен метрологиялық қадағалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ атом энергетикасының қажеттіліктеріне арналған мамандандырылған қосалқы зертханаларды ашу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар «Росатом» мемлекеттік корпорациясында қолданылып жүрген сертификаттау жүйесін Өзбекстанда кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасылды. Осы бағытта «Узатом» агенттігі, Өзбекстанның Техникалық реттеу агенттігі және Стандарттар институты арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігі айтылды.

Жиында сөз сөйлеген «Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхожаев, Өзбекстан Техникалық реттеу агенттігінің директоры Акмал Жуманазаров және өзге де мамандар атом энергетикасы саласында заманауи стандарттау мен метрология жүйесін дамыту қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және жобаларды тиімді іске асырудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Отырыс соңында тараптар белгіленген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жандандыруға және елдегі атом энергетикасына арналған заманауи техникалық реттеу, стандарттау және метрология жүйесін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға келісті.