Өзбекстан судьялары SIFoCC жаһандық форумына қосылады
Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының төрайымы Робахон Махмудова Сеулде өтіп жатқан Азия – Тынық мұхиты елдері Жоғарғы соттары төрағаларының ХХ конференциясы аясында Коммерциялық соттардың тұрақты халықаралық форумы (SIFoCC) өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында SIFoCC қызметіне жауапты судья Робин Ноулз және ұйым хатшылығының басшысы Аденике Адевале елдегі сот-құқық жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалармен, атап айтқанда, Өзбекстан Президентінің жарлығымен бекітілген «Әділ сот – 2030» стратегиясында белгіленген стратегиялық мақсаттармен таныстырылды.
Стратегияда адам құқықтары саласындағы озық халықаралық стандарттарды ұлттық сот тәжірибесіне енгізу және Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған маңызды міндеттер қамтылған.
Осы ретте сот және судьялар қауымдастығы органдарының шет мемлекеттердегі тиісті органдармен ынтымақтастық байланыстарын одан әрі нығайту, өзара тиімді қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ сот төрелігі мен судьялар қауымдастығының жетекші халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығын жандандыру, аталған ұйымдарға, оның ішінде олардың басқару органдарына Өзбекстан өкілдерін мүше ету маңызды бағыттардың бірі саналады.

Кездесуде Р. Махмудова Өзбекстанда бұл беделді форумға мүше болу үшін қажетті құқықтық және институционалдық негіздер бар екенін атап өтіп, осы бағытта диалог жүргізуді, сондай-ақ ұйымның іс-шараларына өзбекстандық судьялардың қатысуын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
Өз кезегінде SIFoCC өкілдері бұл бастамаларды қолдайтынын білдіріп, аталған мәселелер бойынша Өзбекстанмен жүйелі әрі мазмұнды ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, SIFoCC («Standing International Forum of Commercial Courts» – Коммерциялық соттардың тұрақты халықаралық форумы) бүкіл әлемдегі коммерциялық соттар мен мамандандырылған сот органдарын біріктіретін жаһандық желі. Форум 2017 жылы құрылып, оған әлемнің көптеген елдерінің судьялары мүше болған.