Ташкентте Үндістан тәуелсіздігінің 80 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді
Үндістанның Өзбекстандағы елшілігінде ел тәуелсіздігінің 80 жылдығына орай салтанатты мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.
Шараға Үндістан азаматтары, студенттер, үнді мәдениетінің достары және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ерекшелігі – елшілік алғаш рет ұйымдастырған «Сурья Патх Тиранга» («Күн жолы – үш түсті ту») эстафетасының өткізілуі болды. Оның барысында Үндістанның үш түсті ұлттық туы күннің шығуына ілесе шығыстан батысқа қарай көтерілді. Бұл бастама Үндістанның бірлігін, ұлттық мақтанышын және халықаралық қауымдастықтағы беделін танытты.
Осы дәстүрден кейін Үндістанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Смита Пант шараға қатысушыларды құттықтап, ел Президентінің Тәуелсіздік күні қарсаңында халыққа жолдаған үндеуін оқып берді.
Елші өз сөзінде Үндістанның стратегиялық серіктесі саналатын Өзбекстанда тәуелсіздік рухының сезілетінін атап өтті. Оның айтуынша, Президент үндеуінде тұрақты әрі инклюзивті даму, әйелдерді қолдау, олардың қоғамдағы рөлін арттыру және жастарға көңіл бөлу мәселелеріне ерекше назар аударылған.
«Үндістан Президенті өркендеу мен әл-ауқатқа жету үшін осы мақсаттарды бірге жүзеге асыруымыз қажет екенін атап өтті. Мен үшін үндеуден түйген негізгі ойлар – тұрақты даму, гуманизм, әйелдерді қолдау, жастарға назар аудару және ешкімді назардан тыс қалдырмау», – деді Смита Пант.
Елші сондай-ақ Үндістан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың өзіндік ерекшелігі мен шынайы достыққа негізделгенін атап өтті. Шара барысында өзбек өнерпаздары Әндіжан полькасын орындап, ұлттық және заманауи стильдерді үйлестірген музыкалық қойылым ұсынды.
«Бұл екі халықтың бір-біріне қаншалықты жақын екенін тағы бір мәрте көрсетті. Екі халық арасындағы достық пен жақындық мәдени және рухани байланыстармен тығыз сабақтас», – деді елші.
Салтанатты шарада Лал Бахадур Шастри атындағы Үндістан мәдени орталығы ұжымының өнер көрсетуі де көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар «Bharat ko Janiye» викторинасының үздік бес қатысушысы марапатталып, сурет салу шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Ал «Viksit Bharat» сурет байқауының үздік үш туындысы көпшілік назарына ұсынылды.