Ташкентте Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Ташкент қаласында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Таң сәріден ақын ескерткішінің алдына Өзбекстан мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен ақындар, әдебиеттанушы ғалымдар, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің қызметкерлері және әдебиет жанашырлары жиналды.

Салтанатты шарада Абай мұрасының қазақ және өзбек әдебиетіндегі орнына айрықша тоқталып, ұлы ойшыл шығармаларында кеңінен көрініс тапқан адамгершілік, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, елдік пен рухани кемелдік құндылықтарының бүгінгі қоғам үшін де маңызы зор екені айтылды.

Гүл шоқтарын қою рәсімі барысында ұлы ақынның шығармашылығына арналған мүшайра ұйымдастырылып, ақынның өлеңдері оқылды. Қатысушылар Абайдың әдеби мұрасы, оның қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі және шығармаларының өзбек оқырманына жету жолы туралы ой бөлісті.

Бүгінде қазақ-өзбек әдеби байланыстарының тамыры тереңдеп, екі елдің қаламгерлері мен әдебиеттанушылары арасындағы шығармашылық ынтымақтастық жаңа мазмұнмен толығып келеді. Абай шығармашылығы осы рухани байланыстың алтын көпіріне айналып, оның адамзатқа ортақ ойлары мен тағылымы қос халықтың әдеби-мәдени жақындығын одан әрі нығайта түсуде.

Алдағы уақытта да қазақ және өзбек әдебиеті арасындағы өзара байланысты дамыту, қаламгерлер шығармаларын кеңінен насихаттау, бірлескен әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыру және қос халықтың рухани мұрасын жас ұрпаққа таныту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Осы орайда айта кеткен жөн, жуырда ғана Абдулла Рустамовтың «Абай абадияти» атты ғылыми-көпшілік монографиясы өзбек тілінде жарық көріп, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын өзбек оқырманына кеңінен таныстыруға жол ашты.

