Ресейдің алтын қоры алты жылдағы ең төменгі деңгейге түсті
Ресей Орталық банкінің алтын қорының көлемі төмендеуін жалғастырып, 1 тамызда 73,2 миллион трой унциясына дейін азайған.
Bloomberg мәліметінше, бұл 2020 жылғы қаңтардан бері, яғни алты жылдан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткіш. Қазіргі көлем шамамен 2 280 тонна алтынға тең.
Шілде айында қордағы алтын көлемі тағы 0,2 миллион унцияға, ал 2026 жылдың басынан бері шамамен 50 тоннаға азайған. Алғашқы жеті айда халықаралық резервтер құрамындағы алтынның құны 33,7 миллиард долларға төмендеді.
Бұл құлдырау алтын қорының ұзақ уақыт бойы, іс жүзінде үздіксіз өскен кезеңінен кейін байқалып отыр. Bloomberg дерегінше, Ресей Орталық банкі бір кездері әлемдегі ең ірі мемлекеттік алтын сатып алушы болған. Алайда 2020 жылдың басында алтын сатып алуды тоқтатқан.
Орталық банктің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың басында Ресейдің халықаралық резервтеріндегі алтын көлемі 75 миллион трой унциясына жеткен. 2025 жыл бойы бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермегенімен, 2026 жылдан бастап тұрақты түрде төмендей бастаған. Атап айтқанда, 1 қаңтарда қор көлемі 74,8 миллион унция болса, 1 тамызда 73,2 миллион унцияға дейін түскен.
Осылайша, Ресейдің алтын қоры жеті ай қатарынан азайып отыр. Дегенмен елдің халықаралық резервтері тек алтыннан тұрмайды, сондықтан бұл көрсеткіш Ресейдің барлық валюталық резервтері таусылып жатыр дегенді білдірмейді.