Президент бірінші жартыжылдықтағы экономикалық көрсеткіштер бойынша жиын өткізді
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өңірлер мен салалардағы экономикалық өсім қарқынын қамтамасыз ету, сондай-ақ жылдың алғашқы жартысында қол жеткізілген нәтижелер мен жыл соңына дейінгі басым міндеттерге арналған бейнеконференция форматындағы жиын өтті.
Жыл басынан бері ел экономикасы 8,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісі – 8 пайызға, қызмет көрсету саласы – 16,9 пайызға, құрылыс – 13,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,7 пайызға артты. Инвестиция көлемі 28 миллиард долларға, экспорт 14,4 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар «Fitch» және «Moody’s» халықаралық рейтинг агенттіктері Өзбекстанның егемен кредиттік рейтингін бір сатыға көтерді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы халқы 40 миллионға жеткен елдің әл-ауқатын арттыру үшін экономиканың жылдық өсімі 9–10 пайыз деңгейінде болуы қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірлер мен салалар басшыларына барлық мүмкіндіктерді толық пайдаланып, әрбір инвестициялық жоба мен кәсіпорын бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу міндеті жүктелді.


Жиында өңірлер мен салалардың алты айлық жоспарларының орындалуы сын тұрғысынан сараланды. Кейбір өңірлерде жалпы өңірлік өнім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп және экспорт көрсеткіштері бойынша әлеуеттің толық пайдаланылмағаны айтылды. Айлық, тоқсандық және жылдық жоспарларды орындамаған басшылардың жауапкершілігі күшейтілетіні ескертілді.
Мемлекет басшысы кез келген министр мен әкімнің жұмысы халықтың тұрмыс сапасына оң әсер етпесе және кәсіпкерлердің мәселесін жеңілдетпесе, қол жеткізілген көрсеткіштердің тек қағаз жүзіндегі сан болып қалатынын айтты. Осыған байланысты инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және халық табысын арттыру жұмыстары жаңа тәсілмен ұйымдастырылмақ.
Жиында «махалла жетілігі» қызметін жаңаша ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта «Өзекті 40 күндік» бағдарламасы жарияланып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделі 2 мың махаллада жаңа жұмыс жүйесі енгізілді. Әкімдер бұл аумақтардағы электр, газ, жол және ауызсу мәселелерінің уақытылы шешілуіне жеке жауапты болады.


Жұмыспен қамту жүйесі халықтың әлеуметтік осал топтарын оқытуға, жұмысқа орналастыруға және табысын арттыруға бағытталған нақты бағдарламалармен жұмыс істейді. Банктер мен махалла қауымдастықтарының қызметі де қайта қаралып, алдағы үш ай олар үшін практикалық аттестаттау кезеңі ретінде белгіленді. Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру, тазалық пен өмір сүру мәдениетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Кәсіпкерлікті қолдау және бизнес ортаны жақсарту мәселелері де талқыланды. Қазіргі таңда 51 министрлік пен ведомствоның 322 бағыт бойынша қаржылық айыппұл салу құқығы бар екені, ал 2024–2026 жылдары жалпы көлемі шамамен 3 триллион сум айыппұл салынғаны айтылды. Мемлекет басшысы бақылаушы органдар ең алдымен кәсіпкерлерге заң талаптарын орындауға мүмкіндік беріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ сыртқы нарықтағы бәсекенің күшеюіне байланысты экспорттаушылар үшін төлемдер мен алымдарды қысқарту, артық шығындарды азайту қажеттігі көрсетілді. Барлық министрліктер мен ведомстволарға бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыру, айыппұлдар мен төлемдерді қысқарту және бизнес жүргізу жағдайын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.


Жиын барысында өнеркәсіп пен экспорт көрсеткіштері де сыни тұрғыдан қаралды. Кейбір аудан-қалаларда өнеркәсіп өндірісінің өсімі баяулағаны және экспорт көлемінің күтілген деңгейге жетпегені айтылды. Осыған байланысты Премьер-министрге нәтижелі жұмыс көрсете алмаған әкімдердің қызметін қайта қарау, ал тоғыз ай қорытындысына дейін жағдай өзгермесе, жауапты басшыларға қатаң шара қолдану тапсырылды.
Сондай-ақ стратегиялық кәсіпорындардың шығындары талданып, бірқатар ірі өндіріс орындарында өнімнің өзіндік құны артқаны атап өтілді. Энергетика саласында электр энергиясы мен табиғи газды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтып, тиімділікті арттыру қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, ірі компаниялардың нарықтық құнын өсіру, оларды IPO-ға дайындау және шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын күшейту жөнінде міндеттер жүктелді.
Жыл басынан бері салық түсімдері 27 пайызға өсіп, 130 триллион сумнан асқанына қарамастан, қосымша түсімдер бойынша жылдық жоспардың орындалуы жеткіліксіз екені сынға алынды.


Өндірісті қалпына келтіру және жекешелендіру мәселелері де күн тәртібінде болды. Қазіргі таңда кейбір тоқыма кәсіпорындарының жұмыс істемеуі салдарынан 5 триллион сумдық өнім өндірілмей, 400 миллион долларлық экспорттық мүмкіндік пайдаланылмай отырғаны айтылды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 57 салалық және 76 өңірлік кәсіпорында өндіріс көлемі жалпы 11 триллион сумға қысқарғаны атап өтілді.
Жауапты тұлғаларға жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды жеке-жеке зерделеп, олардың қызметін қайта жандандыру тапсырылды. Бұдан бөлек, жаңа жекешелендіру бағдарламасы аясында құны 100 триллион сум болатын жылжымайтын мүлік, жер учаскелері мен мемлекеттік үлестерді саудаға шығару, сондай-ақ мемлекеттік активтерді сатып алған кәсіпкерлер үшін төлем шарттарын жеңілдету көзделіп отыр.
Соңғы үш жылда құны 11 миллиард доллар болатын экспортқа бағытталған 509 өндірістік қуат іске қосылғанымен, олардың 208-і әлі күнге дейін сыртқы нарыққа өнім шығармаған. Егер бұл кәсіпорындар өнімінің кемінде 30–40 пайызы экспортқа бағытталса, елге қосымша 1,5–2 миллиард доллар көлемінде валюталық түсім тартуға мүмкіндік бар екені айтылды.

Сонымен қатар, елдегі 47 арнайы экономикалық аймақтың 29-ында жыл басынан бері бірде-бір экспорттық операция жүзеге аспағаны сынға алынды. Осыған байланысты сертификаттау, айналым қаражаты, өткізу нарығы мен логистикаға қатысты мәселелерді жедел шешу үшін арнайы «жедел топтар» құру тапсырылды.
Жиында ұлттық брендтерді қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы екі жылда бұл бағытқа 15,5 миллиард сум көлемінде қаржылай қолдау көрсетілгенімен, өз брендін тіркеген жергілікті кәсіпорындардың үштен бірі әлі экспортқа шықпаған. Сондықтан отандық брендтерді халықаралық нарыққа ілгерілету және оларды демпинг пен контрафактілік өнімдерден қорғауға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленетін болды.
Сыртқы сауда жүк тасымалының 70 пайызы теміржол арқылы жүзеге асырылатынына қарамастан, бұл салада кәсіпкерлердің шағымдары аз емес екені айтылды. Жүк вагондарының тапшылығы мен кейбір теміржол желілеріндегі жоғары жүктеме логистикалық қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға қосымша вагондар тарту және теміржол инфрақұрылымын дамыту үшін Дүниежүзілік банктен 200 миллион доллар көлемінде қаржы тарту жөнінде келісімге келу тапсырылды.
Жиында жоғары деңгейдегі шетелдік сапарлар барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысы да қаралды. Соңғы жылдары ұйымдастырылған 52 ресми сапар аясында жалпы құны 213 миллиард долларды құрайтын 1 617 инвестициялық жоба бойынша келісімдер жасалған. Енді осы жобалардың іске асырылуы Есеп палатасы мен Сыртқы істер министрлігінің қатаң бақылауында болады.
Премьер-министрге апта сайын салалық министрлер, өңір басшылары және елшілердің қатысуымен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын елдер бөлінісінде талқылау тапсырылды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігіне экономикалық дипломатия, инвестиция және экспорт бағытындағы дипломатиялық өкілдіктердің қызметін қайта қарап, өз міндетін тиімді орындай алмаған басшылардың орнына жас әрі заманауи көзқарастағы кадрларды ұсыну міндеті жүктелді.
Отырыста инфляцияны тежеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Өңір әкімдері қаңтар–маусым айларында инфляцияны 3 пайыздан асырмауды жоспарлағанымен, көптеген аймақта бұл мақсатқа қол жеткізілмегені атап өтілді. Ет бағасының өсуіне байланысты импорттық етті әуе көлігімен тасымалдау шығындарын өтеу үшін 300 миллиард сум бөлінгені айтылды.
Ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы мал шаруашылығындағы нақты жағдайды айқындап бергені айтылды. Осы саланы қолдау үшін қосымша қаржы бөлініп, жыл соңына дейін шетелден 100 мың бас ірі қара мен 150 мың бас қой-ешкі әкелу міндеті жүктелді.
Сонымен қатар жеміс-көкөніс пен картоп қорын қалыптастыру, тоңазытқыш қоймаларын салу және азық-түлік қорларын толықтыру бойынша нақты шаралар белгіленді. Жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 87 мың тоннаны құрайтын 340 тоңазытқыш қоймасын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы жаһандық экономикадағы белгісіздік қанша уақытқа созылатынын ешкім нақты болжай алмайтынын атап өтті. Негізгі серіктес мемлекеттердегі экономикалық белсенділіктің баяулауы жергілікті кәсіпорындарға, әсіресе экспорттаушыларға кері әсер етуі мүмкін екені ескертілді.
Осыған байланысты барлық басшылар ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, ішкі резервтерді толық жұмылдыруға дайын болуы тиіс екені айтылды. Салалар мен өңірлерге бекітілген сараптамалық орталықтармен бірлесіп, 15 тамызға дейін ғылыми негізделген ұсыныстар әзірленеді.
Бұл ұсыныстар «ресурс – инфрақұрылым – жоба – өндіріс – бюджет кірісі – экспорт» тізбегін өзара сабақтастықта дамытуға бағытталады. Ал 2027 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер, мемлекеттік бюджет, инвестиция және экспорт бағдарламалары жаңа «жұмылдыру сценарийі» негізінде әзірленетін болады.
Жиын соңында министрлердің, салалық басшылар мен өңір әкімдерінің есебі тыңдалып, берілген тапсырмаларды өңірлерде іске асыру жөніндегі жоспарлары қаралды.