Орталық Азия студенттер спортының I халықаралық форумы басталды
Ташкентте Орталық Азия студенттер спортының I халықаралық форумы жұмысын бастады. Форум аясында Өзбекстан мен Дүниежүзілік университеттер спорты федерациясы (FISU) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
29 қыркүйекте Ташкент қаласында басталған халықаралық форумның алғашқы күнінде жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Қоңыратбай Шарипов FISU және Азия университеттер спорты федерациясы (AUSF) басшылығының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге FISU президенті Леонц Эдер, Халықаралық университеттер спорты федерациясы бас хатшысының орынбасары Фернандо Силва Паренте, Орталық Азия студенттер спорты федерациясының президенті Қайрат Қайратұлы, Моңғолия студенттер спорты федерациясының бас хатшысы Жаргалсайхан Доржсурен және Өзбекстан студенттер спорты қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесуде Өзбекстанда студенттер спортын дамыту, жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту, университеттер спорты саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және форумды жоғары деңгейде өткізу мәселелері талқыланды.


Сондай-ақ Өзбекстанда студенттер арасында тұрақты өткізіліп келе жатқан «Универсиада», «Студенттер лигасы», «Бес бастама олимпиадасы», «Жаңа Өзбекстан студенттер олимпиадасы» және «Студент-жүгір» сияқты спорттық жарыстардың маңызы атап өтілді. Форум аясында студенттер спорты саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, өңір елдері арасындағы тәжірибе алмасу мен өзара байланысты нығайтуға басымдық берілді.
Кездесу соңында Өзбекстан мен Дүниежүзілік университеттер спорты федерациясы (FISU) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атаулы құжат студенттер спортын дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және университеттер спорты саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Орталық Азия студенттер спортының I халықаралық форумы 2 қазанға дейін жалғасады.