Әлем бойынша мектептерде телефонға шектеу күшейді
Әлем бойынша мектептерде мобильді телефондарды пайдалануға шектеу саясаты айтарлықтай күшейді — 2026 жылға қарай мұндай шара енгізілген елдердің үлесі екі есеге артты.
ЮНЕСКО-ның Білім мониторингі жөніндегі жаһандық есебіне сәйкес, қазіргі таңда әлемдегі білім беру жүйелерінің 58 пайызы мектептерде мобильді телефондарды пайдалануды шектеген немесе толықтай тыйым салған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы небәрі 24 пайыз болған еді.
Мамандар бұл өсімді оқушылардың зейінінің төмендеуі, кибербуллинг жағдайларының көбеюі және әлеуметтік желілердің балалар психологиясына әсерімен байланыстырады. Сонымен қатар, экран алдында өткізілетін уақыттың артуы білім беру сапасына кері ықпал етіп отырғаны да атап өтілген.
Соңғы уақытта Боливия, Хорватия, Мальта және Мальдив аралдары сияқты бірқатар елдер де ұлттық деңгейде телефонға шектеу енгізді. Кейбір мемлекеттерде бұл мәселе одан әрі күшейтіліп, заңнамалық деңгейге дейін жеткізіліп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай шектеулер оқушылардың сабақтағы белсенділігін арттырып, тірі қарым-қатынасты дамытуға және оқу ортасын жақсартуға ықпал етеді. Алайда кейбір мамандар технологияларды толықтай тыйым салу емес, оларды саналы әрі тиімді пайдалануға үйрету маңызды екенін де алға тартады.
Жалпы алғанда, мектептерде смартфондарды пайдалануды шектеу қазіргі жаһандық білім беру саясатындағы негізгі үрдістердің біріне айналып келеді.