Кубада жанармай тапшылығы ушығып кетті
Куба елінде жанармай қоры толықтай таусылған. Бұл туралы елдің энергетика және тау-кен министрі Висенте де ла О Леви «Mesa Redonda» телебағдарламасында мәлімдеді.
– Бізде жанармай мүлде жоқ, дизель отыны да толықтай таусылды, – деді министр. – Қазіргі таңда тек ел аумағындағы кен орындарынан алынатын ілеспе газ және өндірісі артып келе жатқан жергілікті шикі мұнай ғана бар.
Министрдің айтуынша, елге желтоқсан айынан бері жанармай жеткізілмеген. Маңызды жалғыз жүк – Ресей тарапынан гуманитарлық көмек ретінде жіберілген шамамен 100 мың тонна мұнай. Бұл жүк аралға төрт айға жуық үзілістен кейін жеткен. Аталған көлем уақытша тапшылықты жеңілдетуге мүмкіндік берген.
– Осы қорды мамыр айының басына дейін жеткіздік, содан кейін жанармай толық таусылды, – деген О Леви.
Шенеунік энергияға деген сұранысты бір реттік жеткізіліммен өлшеуге болмайтынын атап өтті. Ол Гавана қаласында тәулігіне 20–22 сағатқа дейін созылатын электр жарығының үзілуіне байланысты жағдайдың өте күрделі екенін айтқан.
Арал үкіметі АҚШ энергетикалық қысым арқылы ел экономикасын тұншықтырып, халықтың өмір сүру жағдайын төзгісіз күйге жеткізуге тырысып жатыр деп мәлімдеп отыр.