Каирде Өзбекстанда С гепатитіне қарсы дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру жобалары талқыланды
Өзбекстан дипломаттары Мысырдың «PHARCO Corporation» фармацевтикалық корпорациясының өңірлік директоры Мұхаммед Фаруқпен кездесті.
«Dunyo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кездесуде корпорацияны Өзбекстанмен ынтымақтастыққа тарту, инвестиция салу, технологиялар трансфері және С гепатитіне қарсы дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру перспективалары талқыланды.
«Pharco Pharmaceuticals» — 1987 жылы құрылған «Pharco Corporation» корпорациясының құрамындағы кәсіпорын. Корпорация құрамына 5,7 мыңнан астам қызметкері бар тоғыз ұйым кіреді. Компанияның жылдық сауда көлемі 345 миллион қаптамадан асады, ал өнімдері 57 елге экспортталады. «Pharco» Мысыр фармацевтика нарығында 13,2 пайыздық үлеспен бірінші орында тұр.
Мұхаммед Фаруқ корпорацияның Мысырда С гепатитін жоюдағы рөліне тоқталды. Компания «Gratisovir» атты софосбувир генеригі және лицензияланған «Ravidasvir» препараты секілді қолжетімді вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер өндірісін жолға қойған. Соның арқасында емдеу курсының құны бірнеше ондаған мың доллардан 100 долларға дейін төмендеген. Емдеу курсынан кейін пациенттердің сауығу көрсеткіші 99 пайызды құраған.
Ұлттық бағдарлама аясында препараттарды жаппай жеткізу миллиондаған азаматты емдеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Мысыр С гепатитін жеңгені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми «Алтын сертификатына» ие болған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.
«PHARCO Corporation» қазіргі уақытта Өзбекстандағы бірқатар жекеменшік фармацевтикалық компаниялармен де ынтымақтастық орнатқан. Осы серіктестік аясында «Gratisovir» және «Ravidasvir» дәрілерін жеткізу, технологиялар трансферін жүзеге асыру және оларды Өзбекстанның фармацевтикалық өндіріс орындарында жергіліктендіру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.
Кездесу соңында тараптар Өзбекстанның Фармацевтика саласын дамыту агенттігі, елдің жекеменшік фармацевтикалық компаниялары және «PHARCO Corporation» өкілдерінің қатысуымен онлайн келіссөздер өткізетін болып келісті. Мысырлық мамандар алдағы келіссөздерге қатысу үшін Өзбекстанға делегация жіберуге дайын екенін білдірді.