Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан бизнес-форумы өтті
Бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасып келеді. Екі мемлекет өзара тауар айналымын ұлғайтып, бірлескен өндірістерді дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше мән беруде. Осы мақсаттағы іскерлік кездесулер мен бизнес алаңдары екіжақты серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашуға ықпал етіп отыр.
Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы делегациясының Ташкент қаласына сапары аясында Өзбекстан–Қазақстан бизнес-форумы өтті.
Іс-шараға Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шәріпбаев, мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ екі елден келген 300-ден астам кәсіпкер мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форум барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы хабарлады.
Палатаның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара сауда көлемі 4 млрд 969 млн АҚШ долларына жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш екі елдің экономикалық байланыстарының тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.
Форумға Қазақстанның құрылыс, агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, логистика, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және басқа да салаларда жұмыс істейтін 100-ден астам жетекші компаниясының өкілдері қатысты. Кездесу аясында іскерлік байланыстарды кеңейту, жаңа серіктестер табу және бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері де қарастырылды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық серіктестердің бірі саналады. Соңғы жылдары екі ел арасындағы іскерлік байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен жобалардың саны артып келеді.