Алты әлем чемпионатына қатысқан Гильермо Очоа мансабын аяқтады
Мексика құрамасының аңыз қақпашысы Гильермо Очоа кәсіби футболдағы мансабын аяқтайтынын жариялады. Ол ұлттық құрама сапында ұзақ жылдар бойы өнер көрсетіп, әлем чемпионаттарындағы ғажап ойынымен жанкүйерлердің құрметіне бөленді.
Бұл туралы футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Бұл арман мені осыншалықты алысқа жетелейді деп ешқашан ойлаған емеспін. Бүгін мақтанышпен өткен жолыма қарап, отбасыма, командаластарыма және әрқашан қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлерге алғыс айта аламын. Миллиондаған адамның ықыласы мен Мексика үшін барымды салғаныма деген сенімді өзіммен бірге алып кетемін. Біз бірге бастан өткерген сәттер ешқашан ұмытылмайды. Барлығыңызға шын жүректен рақмет», – деп жазды Очоа.
Гильермо Очоа – футбол тарихында алты әлем чемпионатының ресми құрамына енген үш ойыншының бірі. Алайда ол 2014, 2018, 2022 және 2026 жылғы мундиальдарда ғана алаңға шықты. Ал 2006 және 2010 жылдардағы әлем чемпионаттарында Мексика құрамасының сапында болғанымен, бірде-бір матчқа қатысқан жоқ.
Жалпы, Очоа әлем чемпионаттарында 12 матч өткізіп, оның бесеуінде қақпасына гол жібермеді.
Мексика ұлттық құрамасы сапында 154 ойын өткізген тәжірибелі қақпашы алты мәрте КОНКАКАФ Алтын кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ, 2021 жылғы Токио Олимпиадасында қола жүлдеге ие болды.
Биыл 41 жасқа толған Очоа 2025 жылдан бері Кипрдің АЕЛ клубында өнер көрсетіп келді. Кәсіби мансабында ол Мексиканың «Америка», Испанияның «Малага» және «Гранада», Италияның «Салернитана», Португалияның «АВС», Францияның «Аяччо» және Бельгияның «Стандард» клубтарының намысын қорғады.