Өзбекстан Президенті Дүниежүзілік банк делегациясын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 29 маусым күні Дүниежүзілік банктің құрылтайшы мемлекеттерінің «Швейцария тобы» отырысына қатысу елімізге келген аталған банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассани бастаған делегацияны қабылдады.
Антонелла Бассани Мемлекет басшысына Дүниежүзілік банк президенті Аджай Банганың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Кездесу барысында Дүниежүзілік банк тобымен стратегиялық ынтымақтастықты Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан құрылымдық реформалардың басым бағыттары бойынша кең ауқымда дамыту мәселелері талқыланды.

Соңғы жылдары осы беделді халықаралық қаржы институтымен екіжақты байланыстар мен сындарлы әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгені атап өтілді.
Өткен жылдың қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында Дүниежүзілік банк президентімен жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің дәйекті түрде іске асырылып жатқаны айтылды.
Бүгінде бірлескен жобалар портфелінің жалпы көлемі 15 миллиард АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар Ташкент қаласында Дүниежүзілік банктің өңірлік кеңсесі табысты жұмыс істеп, қаржыландырудың жаңа тетіктері тиімді түрде енгізіліп келеді.

Кездесу барысында биыл өтетін Дүниежүзілік банк жоғары басшылығының Өзбекстанға сапарына және бірлескен іс-шараларға жан-жақты дайындық жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басым бағыттарын қамтитын жаңа ұзақ мерзімді Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жоспарлары қолдау тапты.

Тараптар шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету, кедейлікті қысқарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге бағытталған бірлескен бағдарламаларды ілгерілету, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуде Дүниежүзілік банк тобының қаржылық құралдарын пайдалану аясын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласын қаржыландыру, адами капиталды дамыту, сондай-ақ Өзбекстанның халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартуға жәрдемдесу бағыттарында өзара тығыз ынтымақтастықты жолға қою басым міндеттердің бірі ретінде белгіленді.