Мемлекет басшысы жастармен кездесіп, жаңа бастамаларды ұсынды
Президент Шавкат Мирзиёев 30 маусым – Жастар күніне орай жастармен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы сөзінің басында еліміздегі барлық жас өрендерді мерекемен құттықтады.

– Біз реформаларымыздың алғашқы күндерінен бастап-ақ жастарды қолдауды, олардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруды мемлекеттік саясаттың ең басым бағыттарының бірі ретінде айқындадық, – деді Президент.

Кейінгі жылдары бұл бағытта мүлде жаңа жүйе қалыптастырылды. Әрбір махаллада жастар жетекшілері институты енгізіліп, жастардың бастамаларын қолдау, оларды жұмыспен қамту, білім алуы, кәсіп меңгеруі және кәсіпкерлікпен айналысуы үшін кең мүмкіндіктер жасалды. Аптаның әр бейсенбісі «Жастар күні» болып белгіленіп, министрліктер мен ведомстволар жастардың мәселелерін зерделеп, оларды шешуге жұмылдырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Жастар дәптері» арқылы 1,5 миллион жастың мәселесі шешілді. Жас кәсіпкерлердің саны бес есеге артып, 287 мыңнан асты. Шет тілдерін қарқынды меңгеріп жүрген жастардың саны 3,5 миллионға жетті. Дарынды оқушылар мен студенттер беделді халықаралық пән олимпиадаларында 434 медаль жеңіп алса, жас спортшылар халықаралық жарыстарда 2 245 медаль иеленді.
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық бәсеке жағдайында елдердің артықшылығы ең алдымен білімге, технологияға және адами капиталдың сапасына байланысты екенін атап өтті.

– Мынаны біліп алғандарыңыз жөн, ендігі жерде мемлекеттер аумағымен емес – білімімен, халық саны арқылы емес – технологиясымен, табиғи байлығымен емес – адами капиталымен бәсекеге түседі. Білім, ғылым және зияткерлік ойдың жемісі саналатын жаңа «Білім экономикасы» шешуші күшке айналып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жастарды ұлы бабаларымыздың лайықты мұрагері болып, Жаңа Өзбекстанда Үшінші Ренессанстың іргетасын қалауға шақырды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Өзбекстан ұлттық футбол құрамасының әлем чемпионатындағы өнеріне де тоқталды. Ол футболшыларымыздың мықты қарсыластармен кездесулер арқылы мол тәжірибе жинағанын, ал Аббос Файзуллаев пен Элдор Шомуродовтың әлем чемпионатындағы алғашқы голдары халқымызға зор қуаныш сыйлағанын атап өтті.
– Отанымыздың намысын қорғаған ұлттық құраманың ойыншыларына артық эмоциямен кінә тағып, олардан мін іздеу – халқымызға тән қасиет емес. Керісінше, дәл қазір оларды қолдап, рухын көтеру бұрынғыдан да маңызды, – деді Президент.

Сонымен қатар алдағы уақытта үлкен жеңістердің әлі алда екені, ол үшін балалар футболына ерекше көңіл бөлініп, футболдың жалпыхалықтық қозғалысқа айналуы, сондай-ақ келесі жылдың қаңтарында Сауд Арабиясында өтетін Азия кубогына дайындықты қазірден бастау қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы жастардың өмірде өз орнын табуы үшін білімді, кәсіпті және заманауи технологияларды ең басты тірек ретінде атады.

Осыған орай жыл сайын 500 мың жасөспірім мен жасты заманауи мамандықтарға оқытуды көздейтін «Келешек білімдері экожүйесі» іске қосылады. Оқу орталықтарын ашуға ниетті жастарға жер телімдері мен мемлекеттік нысандар жеңілдетілген шарттармен беріледі, қажетті инфрақұрылым мемлекет есебінен жүргізіледі, ал орталықтарды салу мен жабдықтауға алынатын несиелердің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігі өтеледі.
Белгілі бір кәсібі бар, бірақ жаңа дағдыларды меңгергісі келетін жастар үшін «кәсіп ваучері» енгізіледі. Жыл сайын 50 мың жастың заманауи мамандықтарды игеру шығындары пайызсыз несие есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж отбасылардан шыққан 85 мың жұмыссыз жасқа жекеменшік оқу орталықтарында тегін білім алуға арналған ваучерлер беріледі. Биылдың өзінде бұл жүйені қаржыландыруға 120 миллиард сум бөлінеді.

Техникумдар қызметіне жекеменшік сектордың қатысуы кеңейтіліп, лицензиялау талаптары жеңілдетіледі. Жаңа оқу жылынан бастап жекеменшік техникумдарға да кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік гранттар бөлінеді. Халықаралық кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлері ақшалай сыйақымен марапатталады.
Шет тілдерін жетік меңгерген 650 мыңнан астам жастың әлеуетін еліміздің бай тарихын, мәдени мұрасын, туризм және экспорттық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде насихаттау ісіне кеңінен пайдалану қажеттігі атап өтілді. Ол үшін «Цифрлық контент» платформасы іске қосылып, оны дамытуға жыл сайын 20 миллиард сум бөлінеді.

Шетелде білім алып жүрген жастармен жұмыс істеудің де жаңа жүйесі қалыптастырылады. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 14 мыңнан астам жас қыз-жігіттер демалыс кезеңінде еліміздегі министрліктерде, әкімдіктерде, мемлекеттік және жекеменшік компанияларда тәжірибеден және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін цифрлық байланыс платформасы іске қосылады. Сондай-ақ «Эл-юрт умиди» қоры арқылы жастарды жекеменшік сектордың тапсырысы негізінде беделді шетелдік университеттерде оқыту мүмкіндігі жасалады.
Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлер үшін жас мамандарға қатысты табыс салығы мен әлеуметтік салық мөлшерлемесі бір жыл бойы 1 пайыз көлемінде белгіленетінін жариялады. Бұл бастама 200 мыңға жуық түлекті жұмыспен қамтуға елеулі серпін береді.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әскери қызметтен, еңбек миграциясынан немесе жазасын өтеп оралған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау мақсатында «Кепілдендірілген алғашқы қадам» пакеті енгізіледі. Сонымен қатар «Ұстаз – студент» бағдарламасы аясында ұйымдаспаған жастарға қолдау көрсеткен студенттер де ынталандырылады.
Бұдан бөлек, «Жастар мини-франшизасы» бағдарламасы іске қосылады. Отандық брендтердің франшизасын сатып алатын жастарға Жастар кәсіпкерлігі қоры арқылы 300 миллион сумға дейін пайызсыз несие беріледі. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруға 500 миллиард сум бағытталады.
Жастарға кәсіп пен шет тілдерін үйрену, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынатын Жастар хабтары ашылады. Алғашқы кезеңде бұл тәжірибе Сұрхандария облысында енгізіліп, кейін басқа өңірлерге кезең-кезеңімен таратылады.
Мемлекеттік басқару жүйесінде жастарға деген сенімді күшейту мақсатында бес бағыт бойынша «TOP-100» бағдарламасы жүзеге асырылады. Жеңімпаздар марапатталып, басшылық қызметтерге ұсынылады. Әрбір министрлік пен сала өз бағыты бойынша дарынды жастарды іріктеп, халықаралық ұйымдарға тағылымдамадан өтуге жібереді. Жыл сайын 2 мың жасты осындай тағылымдамаларға жіберу жоспарланып отыр.
Жастарды ынталандыру және ортақ мақсат төңірегіне топтастыру үшін «Өзбекстан жастар лигасы» платформасы іске қосылады. Онда жастардың білім, кәсіп, кәсіпкерлік, ғылым және қоғамдық қызмет салаларындағы жетістіктері бағаланады. Үздік нәтижеге қол жеткізген жастарға гранттар, оқу ақысына жеңілдіктер, кәсіптік ваучерлер, жеңілдетілген несиелер, шетелдік тағылымдамалар, кадрлық резервке ену және ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері ұсынылады.
Жастар кәсіпкерлігін дамытуда Банк-қаржы академиясы «ақыл-ой орталығы» ретінде айқындалады. Академия тыңдаушылары өңірлерде дайын бизнес-жобаларды әзірлейді, ал Жастар кәсіпкерлігі қоры оларды жастарға жеңілдетілген шарттармен ұсынады. Қор жоғары табыс әкелетін және көп жұмыс орнын ашатын жобаларға 5 миллиард сумға дейін инвестиция салады. Бұл жүйе кемінде 300 мың жастың жеке кәсібін бастауына жол ашады.
Инновациялық стартаптарды қолдау бағытында да жаңа бастамалар белгілі болды.
– Біз 2030 жылға қарай экономика көлемін 240 миллиард доллардан асыруды жоспарлап отырмыз. Осы межеге жету үшін барлық салаларға тың идеялар әкелетін инновациялық стартаптар қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы тоғыз жылда еліміздің стартап экожүйесі 15 есеге өсіп, оның жалпы құны 4 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде 1 200-ден астам перспективалы стартап жоба пайда болды. Енді әрбір министр, сала басшысы және әкім «1000 мәселеге – жастардан 1000 шешім» жобасын іске қосады. Ал Жастар істері агенттігі бизнес, ақпараттық технологиялар және креативті экономика бағытындағы ең үздік 100 жобаға 1 миллиард сумға дейін инвестиция бөледі.
Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласында жастар үшін бұдан да кең мүмкіндіктер жасалады. «Цифрлық үкімет» орталығында алғашқы суперкомпьютер кластері іске қосылды, ал келесі жылы оның қуаты үш есеге арттырылады. Биыл еліміздегі 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект зертханалары ашылады. Жастар бұл мүмкіндіктерді тегін пайдаланып, өңірлер мен салалардағы өзекті мәселелердің инновациялық шешімдерін әзірлей алады.
Жаңа АT-парктердің ашылуы нәтижесінде 20 мыңнан астам жастар үшін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары құрылады. «Менің алғашқы компьютерім» бағдарламасы аясында әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж отбасылардан шыққан 10 мың жасқа ноутбук сатып алуға қолдау көрсетіледі.
Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында білім алып жатқан студенттер үшін дуальды білім беру жүйесі кеңейтіледі. Сондай-ақ «Мұхаммед әл-Хорезми» атындағы мемлекеттік стипендия және дарынды қыздарға арналған «Инженер қыздар» стипендиясы тағайындалады. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына берілетін 1 миллиард сум көлеміндегі сыйақы енді жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына да беріледі.
Жастардың бойындағы ұлттық рухты нығайту және цифрлық кеңістіктегі ұлттық контенттің үлесін арттыру мақсатында АT парктерде компьютерлік және мобильді ойын әзірлеушілерге арналған инкубациялық орталықтар ашылады. Сонымен қатар жыл сайын ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кемінде 20 компьютерлік және мобильді ойын әзірлеуге мемлекеттік тапсырыс беріледі.
– Біз жастар үшін жасап жатқан мүмкіндіктердің игілігін барша ұл-қызымыз пайдалануы керек, – деді Президент.
Осыған орай «Отан мейірімі – әлеуметтік бастамалар» байқауы және әлеуметтік тәуекел тобына жататын балаларды қолдауға арналған «Қанат» жобасы іске қосылады. «Жастар бастамалары марафоны» барысында ұсынылған идеяларды нақты жобаларға айналдыру үшін «Бастамалар кеңсесі» құрылып, бұл жұмыстарға 50 миллиард сум бөлінеді.
Кездесуде есірткі және психотроптық заттарға байланысты қылмыстардың жастардың болашағы мен ұлттың генофондына үлкен қауіп төндіріп отырғаны да атап өтілді.
– Бұл дерттің жастарымыздың арасына тамыр жаюына жол бермейміз, оны түбегейлі жоймайынша тоқтамаймыз. Есірткі адамды ең қымбат байлығы – денсаулығынан, ақыл-парасатынан және арман-мақсатынан айырады. Естеріңізде болсын! Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан мұндай дертке ешқашан жол бермеңіз, өмірлеріңіздің әрбір сәтін игі істерге арнаңыздар! – деді Мемлекет басшысы.
Президентіміз ата-аналарға да үндеу жасап, баланың жан-жақты қалыптасуы мен жарқын болашағының берік іргетасы ең алдымен отбасында қаланатынын атап өтті. Ата-аналарды бүгінгі күрделі әрі жылдам өзгеріп жатқан заманда бала тәрбиесіне бұрынғыдан да зор жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Кездесу барысында жастармен ашық пікір алмасу өтті. Олар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жастарды биік мақсаттарға батыл ұмтылуға, білімді, кәсіп пен заманауи технологияларды терең меңгеруге үндеді.
– Мен сіздердің бойларыңызда жалындап тұрған білімге деген құштарлықты және жаңашылдыққа ұмтылысты көрген сайын ерекше жігерленемін. Үлкен мақсаттарға қарай нық қадам басыңыздар, оқыңыздар, жаңа білім мен жаңа кәсіпті, заманауи технологияларды меңгеріңіздер, қиындықтан қорықпаңыздар, еңбектен қашпаңыздар! Естеріңізде болсын, сіздердің арттарыңызда үлкен үмітпен тәрбиелеген ата-аналарыңыз, білім мен тәлім берген, мамандық үйреткен ұстаздарыңыз бар. Сондай-ақ әрдайым сенім артып, қолдау көрсететін Президенттеріңіз бар! – деді Президент Шавкат Мирзиёев.