Өзбекстан Интерполы іздеуде жүрген тұлғаны Грузиядан экстрадициялады
Өзбекстан Республикасының Интерпол Ұлттық орталық бюросы шетелдік әріптестерімен бірлесіп жүргізген шаралар нәтижесінде халықаралық іздеуде болған Өзбекстан азаматын экстрадициялады.
Іздеуде жүрген тұлға аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуге жарияланған. Оның нақты орналасқан жерін анықтау және ұстауды ұйымдастыру мақсатында Өзбекстандағы Интерпол Ұлттық орталық бюросы шет мемлекеттердің ұлттық орталық бюроларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді.

Тбилиси қаласындағы Интерпол бюросымен бірлесіп өткізілген үйлестірілген шаралар нәтижесінде күдікті Грузия аумағында анықталып, ұсталды.
Халықаралық іздеуді жариялаудан бастап, экстрадицияны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңдерде Өзбекстан Интерполы бұл процесті ұйымдастырушылық-құқықтық және ақпараттық тұрғыдан толық қамтамасыз етті.
Грузия Әділет министрлігі Өзбекстан Республикасының Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырғаннан кейін, экстрадицияланған тұлға Интерполдың Өзбекстандағы бюросы қызметкерлерінің тікелей қатысуымен кейінгі процессуалдық әрекеттерді жүргізу және ел заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін Ташкент қаласына жеткізілді.