Ташкентте Азия сейсмологиялық комиссиясының 16-Бас Ассамблеясы өтті
Дүние жүзінде Жер сілкіністері мен олардың салдарын азайту мәселесі әрқашанда өзекті проблемалардың бірі саналады. Әсіресе, Орталық Азия өңірі сейсмикалық жағынан қарағанда белсенді аймақта орналасқандықтан, ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерге деген қажеттілік күн сайын артып келеді.
Осы тұрғыдан Азия сейсмологиялық комиссиясы ұйымдастырған 16-Бас Ассамблеяның дәл Ташкент қаласында өтуіде тегін емес.
Аталған ірі ғылыми шараны ұйымдастыруда Сейсмология институты маңызды рөл атқарды. Институт тарапынан ғылыми бағдарлама әзірленіп, тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде конференцияның жоғары ғылыми деңгейде өтуін қамтамасыз етті.
Ассамблеяға әлемнің 30-дан астам елінен 300-ден аса ғалым мен маман қатысты. Бұл шараның кең ауқымды халықаралық маңызға ие екенін дәлелдейді. Ғылыми бағдарлама аясында 300-ден астам баяндама тыңдалып, 22 тақырыптық сессия өткізілді.
Аталған сессиялар сейсмикалық қауіп-қатерлерді бағалау, инженерлік сейсмология және инфрақұрылым тұрақтылығы, геодинамика мен тектоника, машиналық оқыту және үлкен деректерді талдау, жер сілкіністері туралы ерте ескерту жүйелері, сейсмикалық мониторинг және болжау сияқты бағыттарды қамтыды.
[gallery-29005]
Қазіргі таңда сейсмология саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Бұл жер сілкіністерін алдын ала анықтау, қауіп-қатерлерді болжау және олардың салдарын азайтуда жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
Ташкент қаласында осындай беделді шарағаның өтуі Өзбекстанның сейсмология саласындағы әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Ел аумағында жер сілкінісі қаупінің болуы ғылыми ізденістерге деген сұранысты одан әрі күшейткен. Сондықтан мұндай халықаралық деңгейдегі жиындар тек ғылыми білімді байытып қана қоймай, практикалық шешімдер әзірлеуге де берік негіз қалайды.
Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрлық мониторинг жүйелерін қолдану заманауи сейсмологияның ең маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бұл дәстүрлі тәсілдерден өзгеше, жедел әрі дәл болжауға мүмкіндік береді.
суреттерді түсірген А.Алижонов, ӨзА