Венесуэла түрмесінде жаппай бүлік шықты
Венесуэланың Баринас штатындағы «INJUBA» түрмесінде күтпеген жерден жаппай тұтқындар көтерілісі болды.
Мәліметтерге қарағанда, тәртіпсіздік 24 мамыр күні таңертең дәстүрлі мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін басталған.
Наразылық акциясына 1300-ден астам тұтқын, оның ішінде әйелдер де қатысқан. Көтеріліс кезінде тұтқындар ғимараттың төбесіне шығып, матрастар мен басқа да заттарды өртеген. Жағдай бақылаудан шыққан соң мекеме ішінде оқ дауыстары мен жарылыс дыбыстары естілген.
Қауіпсіздік күштері тәртіпті қалпына келтіру үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Соның салдарынан жүзден астам әйел тұтқынның денсаулығы нашарлаған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көтеріліске түрменің жаңа басшысы Элвис Макуаре Герреро енгізген қатаң тәртіп ережелері, тұтқындарға жасалған нашар қарым-қатынас және туыстарымен кездесуге қойылған шектеулер себеп болған.