Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің емтихан орталықтары арасында меморандумға қол қойылды
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің емтихан орталықтары арасында білім беру саласында бағалау және емтихандарды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған «Ниет» меморандумына қол қойылды.
Бұл туралы «Trend» ақпарат агенттігі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, меморандум Әзербайжан мемлекеттік емтихан орталығы, Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы, Қырғыз Республикасының Білім министрлігі жүйесіндегі Білім сапасын дамыту департаменті, Түркияның Өлшеу орталығы және Өзбекстан Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі жанындағы Білім мен дағдыларды бағалау агенттігі арасында жасалған.
Хаттама аясында бірқатар басым бағыттар белгіленді. Атап айтқанда, бірлескен іс-шаралар өткізу, емтихан жүйелерін цифрландыру, заманауи бағалау платформаларын енгізу, тест тапсырмаларын әзірлеу және нәтижелерді бағалау үдерістерінде жасанды интеллект пен өзге де озық технологияларды қолдану бойынша ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.