Тбилисиде Әлішер Науаидың ескерткіші ашылды
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Тбилиси қаласында өзбек халқының ұлы перзенті, ақын әрі ойшыл Әлішер Науаидың ескерткішін салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.
Әлішер Науаидың әдеби мұрасы тек өзбек халқына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ рухани қазына саналады. Оның шығармалары ғасырлар бойы сан ұрпаққа шабыт беріп, зерттеушілерге, әдебиет сүйер қауымға және Шығыстың бай рухани әлемін тереңірек танығысы келетін жандарға құнды білім көзі болып келеді.

Тбилисиде Әлішер Науаи ескерткішінің ашылуы Өзбекстан мен Грузия арасындағы мәдени байланыстар тарихындағы тағы бір маңызды оқиға болды. Екі халықты ежелден сауда жолдары, достық пен өзара құрмет байланыстырса, бір-бірінің бай мәдени мұрасына деген қызығушылық та жоғары.

Өзбекстанда ұлы грузин ақыны Шота Руставелидің шығармашылығы ерекше құрметке ие. Ташкенттің орталық көшелерінің бірі оның есімімен аталады әрі оған ескерткіш орнатылған. Ал биыл Тбилисидегі орталық саябақтардың біріне Әлішер Науаидың есімі берілді.

Кейінгі жылдары Өзбекстан мен Грузия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Тбилиси қаласында Өзбекстан мәдениеті мен киносы күндері, ал Ташкентте Грузия мәдениеті күндері табысты ұйымдастырылды.

Салтанатты шара барысында Әлішер Науаидың әлем әдебиетінің көрнекті өкілі екені, оның теңдессіз шығармашылығы ғасырлар бойы адамдарды ізгілікке, білімге, парасатқа және өзара құрметке үндеп келе жатқаны атап өтілді.


Қатысушылар Тбилисидегі Әлішер Науаи ескерткіші Өзбекстан мен Грузия халықтары арасындағы достықтың нығая түскенінің жарқын символына айналатынына сенім білдірді.