Президентке көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстар таныстырылды
Президент Шавкат Мирзиёев көлік-логистика жүйесін дамыту және елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстар бойынша тұсаукесермен танысты.
Бүгінде Өзбекстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі құрлықтық көлік хабына айналуына мол мүмкіндік бар. Республика аумағы арқылы халықаралық маңызы бар 4 мың шақырым транзиттік дәліз өтеді, ал теміржол желісінің жалпы ұзындығы 4 мың 700 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда Ташкент қаласы, Науаи мен Наманганда заманауи көлік-логистика орталықтары мен «құрлық порттар» қарқынды дамып келеді. Ал Науаи халықаралық әуежайы Еуразиядағы әуе дәліздерінің маңызды жүк тасымалы торабы қызметін атқаруда.
Сонымен қатар «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолының құрылысы мен Трансауған теміржолы жобасының жедел жүзеге асырылуы Өзбекстанның өңірлік және халықаралық көлік жүйесіндегі орнын одан әрі нығайтады.
Аталған ірі жобалар іске қосылғаннан кейін Өзбекстан Тынық мұхитынан Еуропаға дейінгі ең қысқа құрлықтық көлік дәлізінің негізгі буынына айналады. Бұл бағыт дәстүрлі маршруттармен салыстырғанда жүк жеткізу уақытын үш есеге дейін қысқартып, сегіз күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Пәкістанның Карачи және Гвадар порттары арқылы Үнді мұхитына, сондай-ақ шамамен 2 миллиард халқы бар Оңтүстік Азия нарығына шығатын ең қысқа жол ашылады.

Таныстырылым барысында елімізде бұл бағыттағы мүмкіндіктердің әлі де толық пайдаланылмай отырғаны атап өтілді.
Белгілі болғандай, Қытай мен Еуропа арасындағы жылдық тауар айналымы 800 миллиард долларды, ал жүк тасымалы көлемі 120–150 миллион тоннаны құрайды. Егер Өзбекстан жыл сайын қосымша 15–20 миллион тонна халықаралық транзиттік жүкті қабылдай алса, бұл 400–600 миллион доллар көлемінде қосымша табыс әкелуге, логистика орталықтары мен терминалдардың құрылысына 3 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартуға және 50 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл ел экономикасының өсімін тағы да 1,5–2 пайызға жеделдетуі ықтимал.
Алайда қазіргі таңда Өзбекстанның осы халықаралық транзиттік айналымдағы үлесі небәрі 1–2 пайыздан аспай тұр. 2025 жылы транзиттік жүк тасымалының көлемі 15,3 миллион тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 54 пайызға артқанымен, бұл көрсеткіш қолдағы әлеуеттен әлдеқайда төмен.
Талдаулар көрсеткендей, шекарадағы өткізу бекеттерінің саны жеткілікті болғанымен, олардың басым бөлігі халықаралық жүктерді жедел қабылдау мен рәсімдеуге қауқарсыз. Өзбекстанда халықаралық талаптарға сай келетін 27 логистика орталығы жұмыс істейді, олардың жалпы өткізу қуаты 27,2 миллион тоннаны құрайды. Алайда олардың тек біреуі ғана жоғары санатқа жатады. Автоматтандырылған «А» санатындағы қоймалар жалпы қажеттіліктің небәрі 10–15 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Сонымен қатар заманауи тоңазытқыш қоймалары мен кедендік қоймалар да жеткіліксіз.
Сонымен қатар логистика орталықтарының басым бөлігі Ташкент қаласы мен оның маңында шоғырланғаны, контейнерлік тасымал үлесінің төмендігі, мемлекеттік органдар мен жеке логистика орталықтарының ақпараттық жүйелері толық интеграцияланбағаны, сондай-ақ саланы цифрландыру деңгейінің жеткіліксіз екені атап өтілді.

Таныстырылым барысында Ханабад және Ангрен қалаларын, сондай-ақ «Янгиюль», «Ахангаран», «Алат» және «Термез» аудандарын көлік-логистика саласына мамандандыру ұсынылды.
Ханабад қаласы «Қытай жолының қақпасы» ретінде Қытай – Орталық Азия – Каспий – Кавказ – Еуропа, Қытай – Орталық Азия – Трансауған және Қытай – Орталық Азия – Иран транзиттік дәліздеріне қызмет көрсетеді. Ал Ангрен қаласы мен «Янгиюль» және «Ахангаран» аудандары транзиттік және сыртқы сауда жүктерін аралық бөлу орталықтары ретінде дамытылады.
Алат ауданы «Орта дәліздің қақпасы» ретінде Қытай – Орталық Азия – Каспий – Кавказ – Еуропа және Қытай – Орталық Азия – Иран бағыттарына, ал «Термез» ауданы «Трансауған дәлізінің қақпасы» ретінде Қытай – Орталық Азия – Трансауған – Пәкістан көлік бағытына маманданады.
Аталған өңірлерде логистика орталықтарын салуды жоспарлаған кәсіпкерлерге әр өңірден 50 гектардан, жалпы көлемі 300 гектар жер телімі ұсынылады. Бұл мақсатқа жыл сайын жеңілдетілген шарттармен және төмен пайыздық мөлшерлемемен 200 миллион доллар көлемінде несие желісін бөлу көзделіп отыр. Логистика орталықтарына қажетті сыртқы инфрақұрылым мемлекет бюджеті есебінен салынады.
Сондай-ақ «Халқабад» шекаралық өткізу бекетінің жұмысын қайта жандандыру және кеден терминалын ашу, «Қыбрай» мен «Термез» аудандарында кеден терминалдары мен автотұрақтар салу, Ханабад қаласында халықаралық теміржол шекаралық өткізу бекетін іске қосу, «Янгиюль» ауданындағы теміржол станциясын кеңейту және «Ахангаран» ауданында «А» санатындағы ірі логистика орталығын салу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Таныстырылымда цифрландыру мен заманауи басқару жүйелерін енгізуге де ерекше назар аударылды. Логистика орталықтарында терминалдар мен қоймаларды басқару жүйелерін енгізу, оларды «E-logistika» платформасымен біріктіру, автокөлік құралдарын онлайн бақылау, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде анықтау және электрондық есепке алу жүйесін енгізу ұсынылды.
Шекаралық өткізу бекеттерінде «бір аялдама» (one stop) қағидатын енгізу арқылы жүктерді ресімдеу рәсімдерін жеделдету қажеттігі де атап өтілді.
Салаға жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін логистика орталықтарына арналған заманауи жабдықтарды, қойма кешендерін, жүк тиеу-түсіру техникасын, агрегаттар мен қосалқы бөлшектерді импорттау кезінде кедендік баждар мен міндетті сертификаттау талаптарын жеңілдету ұсынылды.
Мемлекет басшысы көлік-логистика жүйесінің елдің экспорттық әлеуетін арттыру, инвестициялық тартымдылығын күшейту және өңірлердің дамуын қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Осыған байланысты жауапты тұлғаларға халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану, логистика орталықтарының желісін кеңейту, саланы цифрландыру және жеке сектор үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берілді.