Президент Ташкенттегі заманауи аурухананың жұмысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласындағы «Сергели» ауданында орналасқан «Global International Hospital» көпбейінді жекеменшік медициналық орталығының қызметімен танысты.
Өзбекстанда халық денсаулығын қорғау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Осыған орай денсаулық сақтау саласына инвестициялар тартылып, жекеменшік медицинаның дамуына да қолдау көрсетіліп келеді.

Аталмыш заманауи медициналық орталық бүгінде халыққа сұраныс жоғары көптеген бағыт бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Орталық құрылысына 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Мұнда жылына 150 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Жалпы аумағы жарты гектар болатын мекемеде жылдық қызмет көрсету көлемін 15 миллиард сумға жеткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысына орталықтың қызметі таныстырылып, хирургия, жансақтау және емдеу бөлімдері, сондай-ақ жедел басқару орталығындағы жағдайлар көрсетілді.
Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылған. Ұжым құрамында шетелде біліктілігін жетілдірген 10-нан астам жоғары білікті маман және шетелдік дәрігерлер еңбек етеді.

Орталық Ұлыбритания, Италия және Германиядан жеткізілген заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, мұнда PHILIPS компаниясының озық медициналық технологиялары орнатылған.

Мемлекет басшысы орталықты бірнеше жекелеген бағыттар бойынша тірек медициналық мекемеге айналдырудың маңызын атап өтті. Мұнда жинақталатын озық тәжірибе негізінде дәрігерлердің біліктілігін арттырып, заманауи медициналық қызмет түрлерін кеңейту жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

Президент медицина қызметкерлерімен де кездесіп, сала мамандарын қолдау, жекеменшік медициналық ұйымдардың санын көбейту және халыққа сапалы әрі заманауи медициналық қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Әрбір науқасқа сапалы әрі лайықты қызмет көрсетумен қатар, медицина мен туризмді ұштастыру қажет. Бұл бағытты кеңінен насихаттап, шетелдік тәжірибені зерделеу және ауруханалар жанындағы қонақ үй инфрақұрылымын дамыту керек, – деді Мемлекет басшысы.