Президент Самарқанд облысының аудандарын кешенді дамыту бойынша тапсырма берді
Президент Шавкат Мирзиёев 10 маусым күні Самарқанд облысының аумақтарын кешенді дамыту, шалғай және шеткері аудандардағы халықтың тұрмыс деңгейін арттыру мәселелеріне арналған жиналыс өткізді.
Мемлекет басшысының өткен жылдың желтоқсан айындағы Самарқанд облысына сапарынан кейін өңірді 2026 жылы әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірқатар шаралар белгіленіп, бұл мақсатқа қосымша 100 миллион доллар бөлінген болатын. Ал биыл наурыз айында «Нарпай» ауданына жасаған сапары барысында облыстың шалғай және шеткері аумақтарын ерекше тәсілмен дамыту жөнінде тапсырма берілген еді.

Отырыста аталған тапсырмалардың орындалу барысы «Булунғур», «Нарпай, «Ақдария», «Пахтачи», «Қушрабат», «Каттақорған» аудандары мен Каттақорған қаласы мысалында қаралды.
Жиында айтылғандай, шалғай өңірлерде халық саны көп болғанымен, жоғары табыс әкелетін жұмыс орындары жеткіліксіз. Осы аудандардың облыс өнеркәсібіндегі жалпы үлесі небәрі 10 пайызды құрайды. Сонымен қатар «Нарпай», «Пахтачи», «Пастдарғам» аудандары мен Каттақорған қаласында жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі өзге аумақтарға қарағанда жоғары.
Осыған байланысты аталған өңірлерді олардың әлеуетіне сай нақты мамандандыру негізінде дамыту ұсынылды. Алдағы уақытта бұл аудандар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы мен бау-бақша өсіру орталығы ретінде дамытылады. «Булунғур» ауданы жылына 100 мың бас мал өсіруге қауқарлы, құны 50 миллион доллар болатын асыл тұқымды мал шаруашылығы кешені салынады. Ал «Қушрабат» пен «Ақдарияда» жылына 800 мың балапан өндіретін, құны 20 миллион доллар болатын асыл тұқымды құс өсіру кәсіпорындары іске қосылады.
«Нарпай» ауданы мен Каттақорған қаласы өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының жаңа қайнар көзіне айналады. Мәселен, «Нарпайда» 100 гектар аумақта өнеркәсіптік аймақ құрылып, жоғары қосылған құнды өнім шығаратын жалпы құны 500 миллион долларлық жобалар орналастырылады. Бұл іске Жапонияның 10 ірі компаниясын тарту көзделіп отыр.

Облыстың «Ақдария» ауданы құс шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және қайта өңдеу өндірісіне маманданған өңір ретінде дамытылады.
Самарқанд облысының туристік әлеуетін кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Биылғы жылдың басынан бері елімізге келген шетелдік туристер саны 27,3 пайызға артып, 5,4 миллион адамға жетті. Өзбекстан алдағы уақытта шетелдік туристер санын 20 миллион адамға, ал туризм экспортын 10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты өңірлерде туристердің ұзақ уақыт аялдауына мүмкіндік беретін жаңа бағыттар мен қызмет көрсету нысандарын көбейту қажеттігі атап өтілді.
Осыған орай, Самарқандтың тарихи орталығындағы 13 көшені жаяу жүргіншілер аймағына айналдыру, сондай-ақ жаңа туристік және сервистік нысандар салу бастамасы қолдау тапты.

Сонымен қатар «Охалик – Ақбуйро – Миронқул» туристік-рекреациялық аймағының аумағын кеңейту ұсынылды. Имам Матуриди мемориалдық кешенінің алдынан өтетін «Шаар» коллекторының айналасын абаттандыру мәселесі де қаралды.
Бұл шаралардың нәтижесінде Самарқанд қаласы, «Нұрабад» және «Самарқанд» аудандарында қонақүйлер санын 850-ге, нөмірлік қорды 20 мың орынға жеткізу, ал туризм қызметтерінің көлемін 750 миллион долларға дейін арттыру міндеті жүктелді.
Отырыста, ең бастысы назар аударатын жағдай халыққа жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру екені айтылды. Ол үшін әлеуметтік нысандар салу, жол, ауыз су және кәріз жүйелерін жаңарту, электрмен жабдықтауды жақсарту, қызмет көрсету және реновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ өнеркәсіптік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 1,2 триллион сум бөлу ұсынылды.
Самарқанд қаласында реновация бағдарламасы аясында «Кимёгарлар» тұрғын алабын заманауи әрі қолайлы келбетке келтіру жөніндегі бас жоспарды бір ай ішінде бекіту, «Булунғур» ауданында салынып жатқан «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алабының аумағын кеңейту, сондай-ақ жыл соңына дейін Самарқанд қаласының теміржолдың арғы бетіндегі бос жерлер мен ғимараттар орнында спорт, мәдениет, музыка және өнер орталықтарын ашу тапсырылды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі жанынан әлеуметтік сала нысандарын салу мен жөндеуге арналған арнайы қор құру мақұлданды. Самарқанд облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламалары аясында үнемделген қаржы осы қорға бағытталатын болды.
Жиналыс барысында жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы Самарқанд облысының әрбір ауданындағы мүмкіндіктерді толық іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, халық табысын арттыру және өңірлер арасындағы экономикалық айырмашылықты қысқарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.