Мемлекет басшысына Ташкент халықаралық инвестициялық форумына дайындық барысы таныстырылды
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке кезекті Ташкент халықаралық инвестициялық форумына дайындық жұмыстары жөнінде ақпарат берілді.
Кейінгі жылдары аталған форум елдің инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстыратын, шетелдік серіктестермен өзара тиімді жобаларды қалыптастыру мен ілгерілетудің маңызды халықаралық алаңына айналды.
Алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылған форумға әлемнің 56 елінен мыңнан астам шетелдік қонақ қатысқан болатын. Ал биыл 16–18 маусым күндері өтетін бесінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумына 99 мемлекеттен 8 мыңнан астам қатысушы, оның ішінде шамамен 3,1 мың шетелдік мейман келеді деп күтілуде.

Іс-шараға шетел мемлекеттері үкіметтерінің басшылары мен өкілдері, беделді халықаралық қаржы институттарының жетекшілері, ірі компаниялар, инвестициялық қорлар және бизнес қауымдастықтардың өкілдері шақырылған.
Таныстырылым барысында форумның және оның аясында ұйымдастырылатын іс-шаралардың бағдарламасы таныстырылды. Атап айтқанда, пленарлық отырыстар, екіжақты кездесулер, салалық және өңірлік тұсаукесерлер, инвестициялық келісімдерге қол қою рәсімдері мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланған.
Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыратын көрмеде ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, геология, электротехника, машина жасау, химия өнеркәсібі, энергетика, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар салаларындағы жобалар мен бастамалар ұсынылады.

Форум аясында Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті жалпы отырысы да өтеді. Онда инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, өнеркәсіптік-технологиялық және инновациялық дамуды жеделдету, сондай-ақ жеке сектор мен халықаралық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланады.
Биылғы форум барысында да ірі көлемдегі инвестициялық келісімдер пакетін рәсімдеу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жаңа жобаларды қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жоспарланып отырған келісімдер химия өнеркәсібі, геология және металлургия, жеңіл өнеркәсіп, электротехника мен машина жасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары өндірісі, энергетика және экология, цифрлық технологиялар, құрылыс және инфрақұрылым, банк-қаржы, көлік-логистика, туризм мен білім беру сияқты стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды.

Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары қосылған құнды өнімдер өндірісін арттыруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы форумды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізудің маңызын атап өтіп, әрбір сала мен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін нақты жобалар арқылы көрсету қажеттігін айтты.
Сондай-ақ жауапты тұлғаларға шетелдік қонақтарды қабылдауды сапалы ұйымдастыру, форум бағдарламасын мұқият әзірлеу, қол қойылатын келісімдердің нақты іске асыру тетіктерін айқындау және олардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.