Жапония Сирияға салынған санкциялардың күшін жойды
Жапония Сыртқы істер министрлігі ел үкіметінің Сирияның мұнай, банк және телекоммуникация салаларында жұмыс істейтін бірқатар мемлекеттік агенттіктері мен компанияларына қатысты енгізілген шектеулерді алып тастағанын хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, атап айтқанда, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарсы қолданылған шаралар жойылды. Сондай-ақ «Syrian Petroleum Company», «Syria Trading Oil Company», «Commercial Bank of Syria» және «Syriatel» сияқты ірі ұйымдардың активтерін бұғаттауға қатысты бұрын қолданыста болған шектеулер де күшін жойды.
Күншығыс елінің дипломатиялық ведомствосы бұл шешім Сириядағы саяси және әлеуметтік өзгерістерді, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі кезеңін ескере отырып қабылданғанын атап өткен.
Еске салайық, 2025 жылы Токио Сирияға қарсы санкциялар тәртібін ішінара жеңілдетіп, «Industrial Bank», «Popular Credit Bank», «Saving Bank» және «Agricultural Cooperative Bank» сияқты қаржы ұйымдарын санкциялық тізімнен шығарған еді.