Италия үкіметі Сицилия мафиясына тиесілі миллиондаған еуро активтерін тәркіледі
Италияның Қаржы гвардиясы қызметкерлері өзге елдердегі әріптестерімен бірлесіп жүргізген ауқымды операция нәтижесінде Сицилиядағы «Коза Ностра» мафиясына, сондай-ақ оның марқұм жетекшілерінің бірі Маттео Денароға қатысы бар жалпы құны 200 миллион еуродан асатын активтер тәркіленді.
Италия билігінің мәліметінше, операция тек Италияда ғана емес, Андорра, Гибралтар, Кайман аралдары, Люксембург, Швейцария, Ливан, Монако және Испания аумағында да жүргізілген.
Атап айтқанда, Сицилия мен Испанияның Малага қаласында кең көлемді тінту жұмыстары өтіп, операцияға жалпы саны 150-ден астам адам қатысқан.
Мәліметке сәйкес, құқық қорғау органдары қолма-қол ақша жасырылған орындарды анықтау үшін дрондар мен жылу камераларын пайдаланған. Сонымен қатар, цифрлық әмияндар мен криптовалюталарды бақылау үшін ақпараттық технологиялар мамандары тартылған.
Мессина Денаро 2023 жылы қатерлі ісік ауруынан ем қабылдап жатқан клиникадан шыққан сәтте ұсталған. Ол 30 жыл бойы жасырынып жүрген еді. Көп ұзамай 61 жасында түрмеде көз жұмды.
2002 жылы ол 1992 жылы мафия қылмыстарын тергеген прокурорлар Жованни Фальконе мен Паоло Борселлиноны өлтіргені үшін сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.
Мәліметтерге қарағанда, ауқымды операция барысында үш адам қамауға алынып, Испания, Гибралтар және Кайман аралдарында жылжымайтын мүлікке инвестиция салумен айналысқан әрі топтың заңсыз әрекеттеріне қатысы бар сегіз компания анықталған.
Тәркіленген қаражат мафияның 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізген есірткі саудасынан түскен табыс болуы мүмкін.
Италияның мафия және терроризмге қарсы ұлттық прокуратурасының басшысы Жованни Мелилло операцияның тек тәркіленген қаражат көлемімен ғана емес, стратегиялық маңызымен де ерекшеленетінін мәлімдеген.
– Операцияның басты мақсаты бірнеше жыл бұрын әрекет еткен қылмыстық ұйымның қайта жандануына жол бермеу болды, – деген ол баспасөз мәслихатында.
Италия қаржы полициясының хабарлауынша, операция Андорра билігінің князьдік аумағында «ірі қаржылық ресурстарға» ие италиялық әйел туралы мәліметінен кейін басталған.
Тергеу барысында оның бұрын бірнеше рет сотталған әрі «Коза Ностра» ұйымымен және Маттео Денаромен тығыз байланыста болған есірткі саудагеріне тұрмысқа шыққаны анықталған.