«Екінші мүмкіндік»: жазасын өтеп жатқан жастарға жаңа өмірге жол ашылады
2026 жылғы 26 наурызда Өзбекстан Республикасы Президентінің бастамасымен «Жазаны өтеу мекемелеріндегі жастарды заманауи кәсіптерге оқыту шаралары туралы» маңызды қаулы қабылданды.
Аталған құжатқа сәйкес, жазасын өтеп жатқан жастарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған «Екінші мүмкіндік» атты ұлттық әлеуметтік реабилитация жобасы іске қосылады. Бұл жоба – тағдырдың сынағына түскен жастарға жаңа бағыт, жаңа үміт сыйлауды көздейді.
Жоба аясында 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ташкент, Науаи облысы және Қашқадария өңірлеріндегі жазаны өтеу мекемелерінде, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап республика бойынша барлық аймақтарда жастарды заманауи цифрлық кәсіптерге оқыту жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Оқу бағдарламалары 8–12 айға арналған интенсивті курстар негізінде ұйымдастырылып, жастарға сұранысқа ие жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл бастама олардың болашақта еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашады.
Бағдарламаға қоғамға аса қауіпті емес, сондай-ақ ауырлығы орташа және ауыр қылмыс жасаған, бірақ түзелуге ұмтылысы бар жастар тартылады.
Сонымен қатар, қатысушыларға ағылшын, орыс, қытай және басқа да шет тілдерін үйретуге арналған бірыңғай интенсивті курстар ұсынылады. Бұл – олардың білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам саналады.
Оқу курстарының қорытындысы бойынша бағдарламаны толық меңгерген жастарға электрондық форматтағы сертификаттар табысталады. Бұл құжат олардың жаңа өмірге сеніммен қадам басуына негіз болмақ.
Бұл бастама қоғам мен адам тағдыры арасындағы көпір іспетті, жастарға өткен қателіктерін түзеп, жаңа өмір бастауға нақты мүмкіндік береді. Ең бастысы – білім мен кәсіп арқылы олар өз болашағын қайта қалыптастырып, қоғамның белсенді әрі пайдалы мүшесіне айналуға жол ашады.