Өзбекстандық ғалымдар тарихи ғылыми еңбегі үшін NASA халықаралық сыйлығын алды
Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы Астрономия институтының ғалымдары тарихи ғылыми еңбегі үшін NASA халықаралық сыйлығымен марапатталды.
Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы Астрономия институтының ғалымдары – Галактика астрономиясы зертханасының меңгерушісі Отабек Бурхонов және PhD, аға ғылыми қызметкер Камолиддин Ергашев NASA тарапынан «Group Achievement Award» сыйлығымен марапатталды. Марапат DART халықаралық ғарыш миссиясы аясында қол жеткізілген тарихи ғылыми нәтиже үшін берілді.
DART миссиясы – адамзат тарихында алғаш рет астероид орбитасын мақсатты түрде өзгертуге бағытталған ғаламдық қорғаныс тәжірибесі саналады.
Миссия 2022 жылғы 26 қыркүйекте шағын астероидтық жүйе – «Didymos» астероидының серігі «Dimorphos-ке» кинетикалық соққы беру, яғни ғарыш кемесінің әдейі соқтығысуы арқылы жүзеге асырылды.
Соққы нәтижесінде Dimorphos-тың Didymos айналасындағы орбиталық кезеңі өзгерді. Айта кетерлігі – бұл өзгеріс Жердегі және ғарыштық телескоптар арқылы дәлдікпен өлшенді.
Осылайша, адамзат тарихында алғаш рет астероид орбитасы жасанды түрде өзгертіліп, оның нәтижесі тәжірибеде ресми түрде дәлелденді.
Астрономия институтының ғалымдары DART миссиясының жерүсті бақылаулар жөніндегі жұмыс тобы құрамында болған. Олар «Майданак» обсерваториясы телескоптары арқылы белсенді қатысқан.
Ғалымдардың негізгі атқарған жұмысы – соққыға дейінгі және кейінгі фотометриялық бақылаулар негізінде астероид жүйесінің орбиталық кезеңіндегі өзгерісті анықтап, оны жоғары дәлдікпен есептеуден тұрды.
Дәл осы өлшеу нәтижелері DART тәжірибесінің сәтті жүзеге асқанын ғылыми тұрғыда растады. Осы жетістігі үшін институт ғалымдары NASA-ның «Group Achievement Award» сыйлығымен марапатталды. Айтулы марапат NASA ғарыш агенттігінің жоғары деңгейдегі мойындауы болып табылады.