Ташкентте Өзбекстан – Аустрия бизнес-форумы өтті
Ташкент қаласында өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, іскер топтар арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған Өзбекстан – Аустрия бизнес-форумы өтті. Атаулы іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастығы, қаржы институттары және ірі компаниялар өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында тараптардың инвестициялық әлеуетіне арналған таныстырылымдар, сондай-ақ B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.
Өзбекстан Республикасы инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Шахрух Ғуламов бұл форум сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
Форумға іскер топтардың 100-ден астам өкілі қатысып, тараптардың ынтымақтастық болашағына деген жоғары қызығушылығы мен өзара сенімін көрсетті.
Соңғы бес жылда Өзбекстан мен Аустрия арасындағы өзара сауда көлемі үш есеге артты. Қазіргі таңда екі елдің ортақ капиталы қатысуымен 50-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп келеді.
[gallery-29289]
Атап өтілгендей, Аустрияның «Lasselsberger», «Doppelmayr», «AME», «Borealis» компанияларымен құрылыс материалдары, тау туризмі, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді. Сондай-ақ «Raiffeisen» және «UniCredit» сияқты қаржы институттары елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға белсенді қатысуда.
Еуропа елінің делегациясы сапары аясында Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Аустрияның сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер және ішкі істер министрі Герхард Карнермен келіссөздер жүргізді.
Кездесуде саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ қауіпсіздік, көші-қон, білім беру, туризм, «жасыл» энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Келіссөздер соңында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен мүлік салығынан жалтару жағдайларын жою туралы Конвенцияға өзгерістер енгізу жөніндегі» Хаттама мен Қосымша хаттама, «Көші-қон және мобильділік саласындағы серіктестік туралы» Келісім, сондай-ақ «Дипломатиялық паспорт иелерін виза талабынан босату туралы» Келісім бекітілді.
суреттерді түсірген Ф.Абдурасулов, ӨзА