Швейцария қорғаныс шығынын 1 миллиард долларға дейін арттырмақ
Швейцария үкіметі әуеден төнетін қауіптерге қарсы қорғанысты күшейту мақсатында 2026 жылғы бюджетке қосымша 970 миллион франк бөлуді парламентке ұсынбақ. Шамамен 1 миллиард долларға тең бұл қаражатты бөлу ұсынысын үкімет қару-жарақ нарығындағы сұраныстың күрт өсуі және тапсырыстарды жеткізу мерзімдерінің ұзарып кетуімен түсіндірді.
Берн ұзақ қашықтықтан жасалатын соққылар мен гибридті шабуылдарды ел үшін ықтимал елеулі қауіп ретінде қарастырып отыр. Үкіметтің пікірінше, қазіргі мүмкіндіктер мұндай қатерлерден қорғану үшін жеткіліксіз. Қосымша қаражат қысқа және орта қашықтықтағы әуе қорғанысы жүйелерін, радарлар мен шағын дрондарға қарсы құралдарды сатып алуға бағытталады.
Euronews мәліметінше, Швейцария алдағы жылдары 60-тан астам әскери нысанның қауіпсіздігін күшейтуге тағы 100 миллион франк жұмсамақ.
Ел АҚШ-тан F-35A жойғыш ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр. Алайда түпкілікті баға мәселесінде Берн мен Вашингтон арасында келіспеушілік туындаған. «Patriot» жүйелерін жеткізу де кейінге шегеріліп жатыр.
Қосымша шығындарды парламент әлі мақұлдауы тиіс. Үкімет армия қажеттіліктерін қаржыландыру үшін 2040 жылға дейін қосылған құн салығын көтеру мәселесін де парламент қарауына ұсынбақ. Ресми есептеулерге сәйкес, қазіргі қауіп-қатерлерге дайын болу үшін Швейцарияға алдағы жылдары қару-жараққа тағы 24 миллиард франк инвестиция қажет.