Кенияда тікұшақ апатынан Эквадор барлау қызметінің басшысы қаза тапты
Кенияның Самбуру округінде туристерді алып бара жатқан тікұшақ апатқа ұшырап, 7 адам, оның ішінде АҚШ-тың 5 азаматы және Эквадор барлау қызметінің басшысы қаза тапты.
Reuters мәліметінше, тікұшақ елдің солтүстігіндегі жабайы табиғат қорығы әрі сафари аймағы саналатын «Loisaba Conservancy» аумағына бағыт алған. Апат салдарынан борттағы 6 жолаушы мен ұшқыш қаза тапқан.
АҚШ Мемлекеттік департаменті қаза тапқандардың арасында 5 америкалық азамат бар екенін растады. Ал Эквадор президенті аппараты елдің барлау қызметінің басшысы Микеле Сенси-Контуги мен оның АҚШ азаматы болған жұбайы Стефани Холлиханның да қаза тапқанын мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Туристік компания оқиғаға байланысты тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Кения Қызыл Крест қоғамының мәліметінше, апат орнындағы іздеу-құтқару жұмыстарына жер бедерінің күрделілігі мен өрт кедергі келтірген.