Президент Жаңа Ташкент қаласындағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Жаңа Ташкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысы алдымен Жаңа Ташкент қаласын салу дирекциясында болды. Мұнда қаланың ауқымды макеті мен цифрлық картасы негізінде құрылыс барысы, ірі нысандардың өзара орналасуы және алдағы құрылыс жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды құрылыс жұмыстарымен үйлестіре дамыту, жасыл аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді өзара байланыстыру, сондай-ақ Жаңа Ташкентті елорданың қазіргі аумағымен біртұтас байланыстыру мәселелері қаралды. Барлық жобаларды бірыңғай қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде, жоғары сапа мен сәулеттік үйлесімділікті сақтай отырып жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
Одан кейін Президент Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің Жаңа Ташкентте салынып жатқан кампусын аралап көрді.
Кешен Жаңа Ташкент құрылысының бірінші кезеңі аясында бой көтеруде. Қазіргі уақытта ректорат пен бірқатар факультет ғимараттарында соңғы құрылыс және әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы ғимараттардың ішкі кеңістіктерімен, оқу және әкімшілік бөлмелерінің орналасуымен, инженерлік желілермен және аумақты абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жауапты тұлғалар құрылыс барысы, ғимараттарды жабдықтау және кампусты пайдалануға дайындау жөнінде есеп берді.
Жаңа кампус құрамында оқу корпустары, ғылыми зертханалар, ақпараттық-ресурстық орталық, электронды кітапхана, студенттер жатақханалары, спорт және мәдениет нысандары болады. Мұнда білім беру, ғылыми зерттеу және студенттердің өмірін бір кеңістікте үйлестіретін заманауи орта қалыптастырылады.
Университетте халықаралық білім беру стандарттарын кезең-кезеңімен енгізу және басқару жүйесін «Жаңа Өзбекстан» университетінің тәжірибесі негізінде жаңғырту жоспарланған. Оқу үдерісі заманауи цифрлық платформалар арқылы басқарылады.
Кейін Мемлекет басшысы Жаңа Ташкентте салынып жатқан Өзбекстан Ұлттық кітапханасының жаңа ғимаратындағы құрылыс жұмыстарын көрді.
Бұл нысан жаңа қаланың негізгі ғылым мен ағарту орталықтарының бірі ретінде бой көтеріп отыр. Жаңа Ташкенттің құрылысы ең алдымен білім беру және ағарту нысандарынан басталғандықтан, Ұлттық кітапхана осы тұжырымдамада маңызды орын алады.
Қазіргі уақытта кешендегі құрылыс және әрлеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Кітапхананы биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы ауданы 30 мың шаршы метрден асатын төрт қабатты ғимарат бір мезетте 1 420 оқырманға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Оның сәулеттік шешімінде ұлттық дәстүрлер мен заманауи стиль үйлестірілген.
Кітапханада кітап қорын сақтау, есепке алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және залалсыздандыру үшін арнайы жоғары технологиялық бөлмелер жабдықталады. Сонымен қатар әлемдегі және ұлттық ірі кітапханалардың электрондық базаларын онлайн пайдалану мүмкіндігі жасалады.
Көзі көрмейтін азаматтар үшін арнайы оқу және зерттеу ортасы, 300 орындық кафе, галерея, спорт және демалыс аймақтары салынады. Осылайша кітапхана кітап оқу, ғылыми ізденіс және мәдени-ағартушылық байланысты біріктіретін заманауи орталыққа айналады.
Мемлекет басшысы құрылыс және жабдықтау жұмыстарын сапалы аяқтау, кітапхана қорын, цифрлық қызметтерді және пайдаланушыларға арналған жағдайларды өзара үйлестіріп ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.
Сапардың келесі нысаны – «Жаңа Өзбекстан» университетінің жаңа кампусы болды.
Елу гектар аумақта салынып жатқан кешен 10 мың студентке арналған. Мұнда факультеттер мен ректорат ғимараттарымен қатар кітапхана, музей, көрме және мультимедиа залдары, спорт кешені, жүзу бассейні және студенттер жатақханалары орналасады.
Жаңа кампуста білім беру, ғылыми зерттеу, инновация және студенттік өмірді біртұтас ортада үйлестіруге ерекше көңіл бөлінген.
Осынау білім мен ағарту нысандары Жаңа Ташкентте заманауи ғылым мен білім беру ортасын қалыптастырып, жастардың білімі мен әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Жаңа Ташкентте салынып жатқан заманауи футбол стадионындағы құрылыс жұмыстары да қаралды.
55 мың көрерменге арналған бұл аренаның құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 65 пайызы орындалған.
Стадион 2027 жылы 20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатының басты аренасы болады. Мұнда турнирдің жартылай финал және финал матчтарын өткізу жоспарланған.
Алты қабатты спорт кешені ФИФА-ның барлық талаптарына сәйкес салынуда. Онда спортшыларға, жанкүйерлерге және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған заманауи жағдайлар жасалады.
Көрермендердің ыңғайлы қозғалысы үшін 10-нан астам эскалатор орнатылады. Стадион аумағында үш жаттығу алаңы мен 5 500 орындық автотұрақ салынады. Сондай-ақ арена маңында метро станциясы бой көтереді.
Нысанның сәулеттік келбетінде заманауи стиль мен ұлттық дәстүрлер үйлестірілген. Құрылыс барысында «жасыл энергия», «ақылды басқару» және экологиялық тұрақтылық қағидаттарына ерекше назар аударылуда.
Аталғандай, бұл арена ірі халықаралық жарыстарды қабылдаумен қатар, жастар спортын дамытуға, кәсіби футболшылар даярлауға және елдегі заманауи спорт инфрақұрылымын кеңейтуге қызмет етеді.
Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқтауды, сондай-ақ стадионды көлік жүйесімен және Жаңа Ташкенттің жалпы қала құрылысы ортасымен үйлестіру бойынша тапсырма берді.