Пәкістандағы шабуылдан кемінде 15 полиция қызметкері қаза тапты
Пәкістанның солтүстік-батысында орналасқан Банну округінде полицияның бақылау-өткізу бекетіне шабуыл жасалды. Оқиға салдарынан кемінде 15 полиция қызметкері қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды.
Жергілікті құқық қорғау органдарының өкілі Мұхаммед Сажжад Ханның мәліметінше, 10 мамырға қараған түні жанкешті лаңкес жарылғыш заттармен толтырылған автокөлікті Фатех-Хел ауданындағы полиция бекетіне бағыттаған.
Жарылыстан кейін қарулы содырлар полиция бекетіне оқ жаудырған. Шабуылға 100-ден астам содыр қатысқан.
Шабуыл жасағандар ауыр қарумен қатар шағын дрондарды да пайдаланған. Шегіну кезінде олар кейбір полиция қызметкерлерін және олардың қаруларын алып кеткені айтылып отыр.
Банну округі орналасқан Хайбер-Пахтунхва провинциясы Ауғанстанмен шектеседі және бұл өңірде қарулы топтардың шабуылдары жиі тіркеледі.
DPA агенттігінің дерегінше, 2025 жылы Пәкістанда тіркелген 5397 террористік шабуылдың 3811-і дәл осы Хайбер-Пахтунхва провинциясында болған. Сондай-ақ жанкештілер қатысқан 27 шабуылдың 16-сы да осы өңірге тиесілі.