Перуде алғаш рет президент сайлауында әйел кандидат жеңіске жетті
Перуде өткен президент сайлауының екінші турында консерватив саясаткер Кейко Фухимори солшыл кандидат Роберто Санчесті басып озды.
51 жастағы Кейко Фухимори – 1990-жылдардың соңында Перу президенті болған, адамзатқа қарсы қылмыстары үшін сотталған Альберто Фухиморидің қызы. Сайлауалды науқаны барысында ол әкесінің қылмыс пен қарулы бүлікшілерге қарсы қатаң күрес саясатын жалғастыруға уәде берді.
Кейко Фухимори соңғы 15 жыл ішінде бірнеше рет президенттікке үміткер болғанымен, әр жолы түрлі саяси көзқарастағы қарсыластары Фухимори әулетінің өкілінің билікке келуіне жол бермеу үшін бірігіп келген еді. Бұл жолы оның төртінші талпынысы сәтті аяқталды.
Сайлау бюллетеньдерін қайта санау үш аптадан астам уақытқа созылды. Қорытынды нәтижеге сәйкес, Кейко Фухимори 9 223 396 дауысқа (50,135 пайыз), ал Роберто Санчес 9 173 755 дауысқа (49,865 пайыз) ие болды. Екі кандидат арасындағы айырмашылық 49 641 дауысты құрады. Бұл – Перу тарихындағы президенттік сайлауларда тіркелген ең аз айырмашылықтардың бірі.
Фухиморидің сайлауалды бағдарламасындағы басты басымдық – қылмысқа қарсы батыл әрі қатаң күрес жүргізу болды.
Айта кетейік, Перуде президент сайлауының екінші кезеңі 7 маусымда өтті. Оның қорытындысы әлі де Перудің Ұлттық сайлау алқасы тарапынан ресми түрде бекітілуі тиіс.
Кейко Фухимори Перу тарихында президенттік сайлауда жеңіске жеткен алғашқы әйел атанды. Бұған дейін Дина Болуарте 2022 жылы вице-президент қызметінен кейін мемлекет басшысы лауазымын атқарып, елдің алғашқы әйел президенті болған еді.