Германиядағы қарулы шабуылдан алты адам қаза тапты
29 маусым күні Германияның Штаде қаласының орталығындағы балалар мен жастарға арналған мекемеде белгісіз ер адамның оқ атуы салдарынан төрт әйел мен екі ер адам қаза тапты. Қаза болғандардың барлығы осы мекеменің немесе жергілікті кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қызметтің қызметкерлері болған.
Төменгі Саксонияның ішкі істер министрі Даниэла Беренс бұл оқиғаны «саяси немесе экономикалық себептерге қатысы жоқ, алдын ала ойластырылып жасалған зорлық-зомбылық әрекеті» деп бағалады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті оқиға болған күні өзінің үш айлық қызына қатысты қамқоршылық мәселесін талқылау үшін аталған мекемеге шақырылған. Сәбидің өзі мен оның 34 жастағы анасы осы мекемеде уақытша тұрып жатқан. Оқиға кезінде екеуі де зардап шекпеген.
Шабуылдан кейін күдікті автокөлікпен қашуға әрекеттенген. Көлікті 65 жастағы әйел басқарған. Полицияның қуғындауынан кейін екеуі де ұсталды. Тергеу аясында тағы бір адам қамауға алынған.
Полицияның мәліметінше, күдікті құқық қорғау органдарына бұрыннан белгілі болған. Алайда ол аса қауіпті немесе зорлық-зомбылыққа бейім адам ретінде тіркелмеген. Сондай-ақ оның қару сақтауға немесе алып жүруге ресми рұқсаты болмаған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.