Өзбекстанда ішкі әуе рейстеріне билеттер бағасы 20 пайызға дейін арзандайды
Өзбекстанда биылғы 16 қазаннан бастап ішкі әуе рейстеріне билеттер бағасы орта есеппен 20 пайызға дейін төмендейді.
Бұл өзгеріс Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бәсекелестік комитеті жүргізген зерттеу нәтижесінде жүзеге асырылмақ. Комитет ішкі әуе рейстеріне қолданыстағы тарифтерді, бағаның қалыптасу тәртібін және жолаушылардың қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін зерделеген.
Зерттеу барысында әуе тасымалына байланысты шығындарды оңтайландыру мүмкіндіктері талданып, оларды қысқарту есебінен ішкі бағыттардағы билеттер бағасын төмендету жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Ұсыныстар жоғары тұрған органдар тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде ішкі әуе рейстерінің тарифтері қайта қаралып, 16 қазаннан бастап билеттер бағасын орта есеппен 20 пайызға дейін арзандату туралы шешім қабылданды.
Бұл шаралар әуе қатынасын халық үшін қолжетімді етіп, ішкі туризмді дамытуға және өңіраралық қатынасты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызметтік іссапарлар мен жеке сапарларды жоспарлау кезінде жолаушыларға қосымша қолайлылық туғызады.