Өзбекстан Президенті Қатар Әмірімен кездесті
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қатар Мемлекетінің Әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Санимен кездесті.
Сұхбат басында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен көпқырлы практикалық ынтымақтастықтың дәйекті дамып келе жатқаны атап өтілді.

Кейінгі жылдары жоғары деңгейдегі нәтижелі диалогтың арқасында екіжақты байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілгені айтылды. Қазіргі уақытта Қатар компанияларымен энергетика, химия өнеркәсібі, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және құрылыс салаларында белсенді жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылдың басынан бері инвестицияларды игеру көлемі айтарлықтай артты.

Сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан мәдени-гуманитарлық байланыстар екі халықты одан әрі жақындастыруға ықпал етіп отыр.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары да айқындалды. Атап айтқанда, желтоқсан айында өтетін Доха форумына Өзбекстаннан жоғары деңгейдегі делегация қатысады деп жоспарланып отыр. Іс-шара аясында Үкіметаралық бірлескен комиссия мен Іскерлік кеңестің отырыстарын өткізу көзделген.
Көшбасшылар халықаралық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.