Өзбекстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы жаңа бағыттармен кеңейеді
Бүгінгі таңда Өзбекстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы жаңа бағыттармен толығып, екі ел арасындағы көлік байланысы кеңейіп келеді. Осы орайда «Uzbekistan Airports» пен Түркияның «Pegasus Airlines» әуе компаниясы Ыстамбұлдан Бұхара, Әндіжан және Терміз қалаларына тұрақты рейстер ашу жөнінде келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар Қаршы мен Нөкіс бағыттарында да әуе қатынасын жолға қою мәселесі талқыланып жатыр.
Атап айтқанда, Әндіжаннан Ыстамбұлға алғаш рет тұрақты әуе қатынасын іске қосу жоспарланып отыр. Келісімдер жүзеге асса, Қаршы мен Нөкіс қалалары да Ыстамбұлмен тікелей әуе қатынасына ие болуы мүмкін.
«Pegasus Airlines» әуе компаниясы бағыттарын Ыстамбұлдағы Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайынан орындайды. Осыған орай, келісілген үш бағыт бойынша рейстерді 2026 жылғы желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған.
Бұхара әуежайына алғашқы рейс биыл 14 желтоқсанға белгіленген. Аталған бағыт бойынша ұшақтар аптасына үш рет қатынайтын болады: Ыстамбұлдан дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері, ал Бұхарадан сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады.
Әндіжанға рейстерді 18 желтоқсаннан бастап іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағытта әуе рейстері аптасына екі рет орындалады: Ыстамбұлдан дүйсенбі және жұма күндері, ал Әндіжаннан сейсенбі және сенбі күндері ұшады.
Термізге тұрақты рейстерді 2027 жылдың 1 наурыз айынан бастап аптасына үш рет орындау жоспарланған. Ыстамбұлдан ұшатын рейстер дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндеріне, ал кері рейстер сейсенбі, жұма және жексенбі күндеріне белгіленген.
Барлық бағытта Airbus A320 және A321 тобына жататын ұшақтарды пайдалану көзделген. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар тек Ыстамбұлмен ғана емес, басқа мемлекеттермен де әуе қатынасын кеңейтуге жол ашады.