«Fitch Ratings» агенттігі «Узбекгидроэнергоның» кредиттік әлеуетіне оң баға берді
Энергетикалық компаниялардың қаржылық тұрақтылығы, қарыз міндеттемелерін орындау қабілеті мен өндірістік әлеуеті халықаралық рейтингтерде маңызды орын алады.
Бұл көрсеткіштер «Узбекгидроэнерго» АҚ-ның кредиттік рейтингіне берілген кезекті халықаралық бағалауда да өз көрінісін тапты.
Халықаралық «Fitch Ratings» рейтинг агенттігі компанияның ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «BB» деңгейінде растады және болжамын «Тұрақты» деп белгіледі. Ал компанияның тәуелсіз кредиттік профилі «b+» деңгейінде бағаланды.
Талдау қорытындылары активтердің сапасы, қаржыландыру көздерін пайдалану мүмкіндіктері, қысқа мерзімді міндеттемелерді орындау қабілеті және қаржылық икемділік бағыттарында оң өзгерістер бар екенін көрсетті.
Компанияның өндірістік қуаттарды кеңейтуі, операциялық табыстылығының жоғары болуы және қарыз жүктемесін тиімді басқаруы оның басты артықшылықтары ретінде аталды. Сонымен қатар мемлекеттік кепілдіксіз қаржы тарту тәжірибесінің артуы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаржылық икемділікті күшейтетін маңызды фактор ретінде бағаланды.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, «Fitch Ratings» талдауы бойынша елдегі операциялық ортаның ықпалы ескерілмеген жағдайда «Узбекгидроэнергоның» тәуелсіз кредиттік профилі «bb-» деңгейіне сәйкес келеді. Бұл қазіргі «b+» бағасынан бір саты жоғары. Ал қорытынды рейтингті айқындау кезінде елдегі жалпы іскерлік ортаның ықпалы да ескерілген.