Марадонаның өліміне айыпталып отырған дәрігерлер 25 жылға сотталуы мүмкін
Аргентиналық марқұм футбол аңызы Диего Марадонаның өліміне қатысты кезекті сот отырысында медицина қызметкерлерінің салғырттығына байланысты жаңа деректер жарияланды.
Al Jazeera басылымының дерегінше, Буэнос-Айресте өткен сот отырысында сөз сөйлеген нефролог Эрнан Тримарчи Марадонаны емдеген дәрігерлер оның бүйрегіндегі ауыр мәселелер мен созылмалы ауруларына дер кезінде назар аудармағанын мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, футболшының бүйрегі ұлғайып кеткені семіздік, кокаин қолдану және жоғары қан қысымынан зардап шеккен науқас үшін елеулі қауіп белгісі болуы тиіс еді.
«Мұндай жағдайда науқас күн сайын тексеріліп, тұрақты түрде мейіргер бақылауында болуы және одан жүйелі түрде қан талдауы алынуы керек еді», — деді Тримарчи.
Алайда оның айтуынша, Марадонаның екі апталық емделу кезеңінде одан бірде-бір рет қан талдауы алынбаған. Сонымен қатар науқастың денесі ісініп, қан қысымы өзгергеніне де дәрігерлер тиісті деңгейде мән бермеген.
Сотта футболшының қайтыс болуына аз уақыт қалғанда түсірілген суреттері де көрсетілді. Онда Марадонаның ішінің ісінуден әдеттен тыс үлкейіп кеткенін көруге болады. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, футболшы қайтыс болар алдында бірнеше сағат бойы қатты қиналған. Эрнан Тримарчи дәрігерлердің осындай елеулі қателіктерге жол бергенін растаған үшінші маман болды.
Айта кетейік, 1986 жылғы әлем чемпионы Диего Марадона 2020 жылғы 25 қарашада миына жасалған операциядан кейін жалға алған үйінде 60 жасында қайтыс болған еді. Егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, олар 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот процесі қыркүйек айына дейін жалғасады.